1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Баламалы инвестициялық құралдар туралы

Баламалы инвестициялық құралдар туралы ҚҰБ Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратовтың түсіндірмесі

Алтын мен күміске инвестиция құю – өз кезегінде бәсекеге қабілетті кірісті қамтамасыз ететін инвестициялаудың ең оңай жолы саналады. Алтын мен күміске инвестиция салу үшін жекелеген салаларды терең біліп, тәуекелдерді кешенді бағалаудың қажеті аз.

Нарықтағы инвестициялық құралдардың бірі – Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалы металдардан жасалған инвестициялық монеталары мен аффинирленген алтынның өлшеуіш құймалары болып табылады.

ҚҰБ номиналы 10 теңгелік (0,1 унция), 20 теңгелік (0,25 унция), 50 теңгелік (0,5 унция), 100 теңгелік (1 унция), 200 теңгелік (2 унция), 500 теңгелік (5 унция) алтыннан жасалған ALTYN BARYS монеталарын және номиналы 1 теңгелік (1 унция), 2 теңгелік (2 унция), 5 теңгелік (5 унция) және 10 теңгелік (10 унция) күмістен жасалған KÚMIS BARYS инвестициялық монеталарын жасап шығарады. Инвестициялық монеталарды ҚҰБ филиалдары арқылы сатып алуға және кері сатуға болады.

Алтын құйманың 5 түрі дайындалады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Оларды екінші деңгейлі банктер (Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банк) мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері арқылы сатып алуға және кері сатуға болады.


Лондондағы бағалы металдар қауымдастығының (LBMA) белгілі бір металдың бір троя унциясы үшін белгілеген бағасына қарасақ, алтын мен күмістің теңгелей құнының динамикасы ҚҰБ-тың алтын құймалары мен инвестициялық монеталарына инвестиция салу – ұзақ мерзімді перспективада өте тиімді екенін көрсетіп келеді. Алтын мен күміс бағасының өсу қарқыны, сәйкесінше, 17,39%-ды және 15,34%-ды құрайды.

Жалпылай алғанда, 2009 жылдан бері ел тұрғындарына ALTYN BARYS-тан – 29,8 мың, KUMIS BARYS-тан – 49,4 мың инвестициялық монета сатылды. Алтын монеталар арасында ең көп сұранысқа ие – салмағы 3,11 г. 10 теңгелік монета (24%) және салмағы 31,1 г. 100 теңгелік монета (25%), ал күміс монеталар арасында – салмағы 31,1 г. 1 теңгелік монета (36%). Инвестициялық монеталарға Алматы қаласы (49%) мен елордада (12%) сұраныс өте жоғары.

 

ҚҰБ-тың алтын құймаларына деген сұраныс жыл сайын орта есеппен 69%-ға өсіп келеді. 2017 жылдан бастап жалпы салмағы 2,7 тонна – өлшенбелі 74,9 мың құйма сатылды. Ең көп сұранысқа ие – 10 граммдық (27%) және 100 граммдық (22%) құймалар. Алтын құймалардың көп бөлігі Алматы (58%), Нұр-Сұлтан (11%) және Атырау (8%) қалаларында сатылған.


Өлшенбелі құймалар мен инвестициялық монеталардың жартысына жуығы Алматы қаласында сатылды. Бұл басқа қалалармен салыстырғанда мегаполистегі халық санының және жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысының бір қалыпта жоғары болуына байланысты. Сонымен қатар, қаржы институттарының ең көп шоғырланған жері – Алматы қаласы.

Халықаралық тәжірибе негізінде ҚҰБ-тың инвестициялық монеталары мен алтын құймалары нарығын дамыту шараларының бірі – Австралияның Перт монета сарайының мысалында цифрлық активті енгізу болуы мүмкін. Онлайн-платформа арқылы пайдаланушылар инвестициялық монеталар мен құймаларды сатып алғанын растайтын сертификаттарды сатып алып қана қоймай, кері қарай да сата алады. Бұл ретте құймалар мен монеталар ҚҰБ-тың кепіл болуымен арнайы сақтау орындарында болады.

ҚҰБ халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, инвестициялық монеталар мен сертификатталған алтын құймалар нарығындағы ағымдағы жағдайды талдау бойынша зерттеу жұмысын ҚҰБ сайтындағы «Экономикалық шолудың» келесі санында жариялап отырады.

[1] https://nationalbank.kz/kz/catalog/categories/detail/5

[2] https://nationalbank.kz/kz/page/prodazha-i-vykup-mernyh-slitkov

Жоғарыға