1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Теңгенің айырбастау бағамымен ахуал туралы

Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың теңгенің айырбастау бағамымен ахуалға қатысты түсініктемесі

– Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 30 қыркүйектегі сауда-саттықтың ашылуында бір доллар үшін 431 теңге белгісінен асты және алдыңғы күннің жабылуымен салыстырғанда 0,4%-ға әлсіреді. Бұған не себеп?

 Мұнай бағасының құлдырауы ұлттық валютаға қысым көрсетеді және нарықтың бұдан былайғы перспективалары мен көмірсутектерге сұранысқа қауіп төндіреді.

Коронавирустық инфекциямен ауыру жағдайларының ұлғаюы аясында әлемде отынға орнықты сұраныстың ұзақ уақыт бойы қалпына келу және әлемдік экономиканың өсу тәуекелдері күшейді. Көптеген экономистер мен нарық ойыншыларының күтулері бойынша мұнайды тұтынудың айтарлықтай өсуі кейінгі 1,5-2 жылда ғана орын алмақ. Сонымен қатар, Ливияда шикізат өндірудің әлеуетті қалпына келтірілуі мұнай бағасын белгілеуге қысым көрсетті.

Нәтижесінде 29 қыркүйекте Brent сұрыпты мұнай баррелінің құны $42,43 доллардан $41,03 долларға дейін немесе 3,3%-ға, ал WTI сұрыпты мұнай баррелінің құны $40,6 доллардан $39,29 долларға немесе 3,2%-ға төмендеп, $40 долларға жетті.

Бүгін таңертең баға белгілеулердің төмендеуі жалғасты, Brent $40,54 доллар деңгейінде саудаланады, бұл айдың басындағы деңгейден 10,5%-ға төмен. Осы кезеңде теңге бағамы 431,64-ке дейін 2,7%-ға әлсіреді.

Жалпы алғанда, әлемдік қаржы нарығында құбылмалылықтың өсуі және жаһандық «risk-off» байқалады, бұл дамушы нарықтар валюталарының теріс серпініне әсер етеді. Айдың басынан бастап түрік лирасы 6,7%-ға, Бразилия реалы мен Мексика песосы 2,6%-ға құнсызданды. Ресей рублі қыркүйек айының басынан бері 6,6%-ға айтарлықтай төмендеді.

29 қыркүйекте Ресей Федерациясының ұлттық валютасының деңгейі көп айлық ең төменгі көрсеткіш 79,97-ге жетті. Рубль бағамының әлсіреуі геосаяси тәуекелдердің өсуіне және ЕО санкциялық тізімдерінің кеңею ықтималдығы туралы хабарларға байланысты болды.
Осыған орайда теңгенің айырбастау бағамы мұнай бағасы негізгі фактор болып табылатын сыртқы іргелі факторлардың серпініне сәйкес қалыптасады.

Жоғарыға