1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін

Сыртқы борыш

I. Әдіснамалық негіз, тұжырымдамалар, айқындамалар және жіктеулер

  • Әдіснамалық негіз: Сыртқы борыш статистикасын қалыптастырудың әдіснамалық және тұжырымдамалық негізі «Сыртқы борыш статистикасы: құрастырушылар мен қолданушыларға арналған нұсқаулығы», «Мемлекеттік сектор борышының кеңейтілген айқындаудағы статистикасы: құрастырушылар мен қолданушыларға арналған нұсқаулығы» халықаралық ұйымдардың біріккен құжаты, сонымен қатар Халықаралық валюталық қордың «Төлем балансы және халықаралық инвестициялық позиция бойынша нұсқаулықтың» 6-шы басылымы (ТБН6) болып табылады.

  • Айқындама: Есепті күніндегі сыртқы борыш Қазақстан Республикасы резиденттерінің бейрезиденттер алдындағы негізгі борышы мен/немесе сыйақыны болашақта өтеуді талап ететін ағымдағы шартсыз міндеттемелерінің өтелмеген сомасын білдіреді.

    Институционалды бірлік егер Қазақстан Республикасының экономикалық аумағы оның басым экономикалық қызығушылығының орталығы болса, ол Қазақстан Республикасының резиденті болып табылады.

  • Жіктеу жүйесі: Қолданылатын жіктеу жүйесі «Сыртқы борыш статистикасы: құрастырушылар мен қолданушыларға арналған нұсқаулығы» халықаралық ұйымдардың құжатында мазмұндалған талаптарға сәйкес келеді. Сыртқы борыш деректері келесі түрде жіктеледі:

    Институционалды секторлар бойынша – мемлекеттік басқару органдары, орталық банк, банктер, басқа секторлар, фирмааралық берешек.
    Басқа секторлардың үлестес кредиторлар алдындағы борыштық міндеттемелері (фирмааралық берешек) туралы деректер жеке позицияға бөлініп шығарылады, олар өз кезегінде келесілерге бөлінеді:
    – қазақстандық тікелей инвестициялау кәсіпорындарының шетелдік тікелей инвесторлар алдындағы міндеттемелері;
    – қазақстандық тікелей инвесторлардың тікелей инвестициялау кәсіпорындары алдындағы міндеттемелері (кері инвестициялау);
    – қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік тел кәсіпорындардың алдындағы міндеттемелері.

    Өтеу мерзімдері бойынша – қысқа мерзімді (алғашқы өтеу мерзімі бір жыл және одан кем немесе талап ету бойынша өтелетін) және ұзақ мерзімді (алғашқы өтеу мерзімі бойынша бір жылдан жоғары).

    Борыштық құралдардың түрлері бойынша – қолма-қол валюта және депозиттер, борыштық бағалы қағаздар, кредиттер мен несиелер, арнайы несие алу құқықтары, сауда кредиттері мен алғытөлемдер, өзге міндеттемелер (сақтандыру, зейнетақы бағдарламалары және стандартты кепілдік бағдарламаларын қамтиды).

    Сектор бойынша: кеңейтілген айқындаудағы мемлекеттік және жекеге – кеңейтілген айқындаудағы мемлекеттік секторға орталық банк, мемлекеттік басқару органдары, мемлекеттік сектор тура немесе жанама түрде капиталға қатысу үлесі 50 пайыздан асатын немесе өзге тәсілмен бақылайтын банктер және басқа секторлар жатады. Қалған банктер мен басқа секторлар жеке секторға жатады.

II. Деректерді қамту

  • Статистикалық қамту: Сыртқы борыш статистикасы экономиканың барлық секторларының бейрезиденттер алдындағы берешегінің ол берешектің қандай валютада номинирленгеніне қарамастан барлық түрін қамтиды. Сыртқы борыш статистикасына сонымен қатар мерзімі өтіп кеткен берешек туралы деректер де қосылады, ол өзі пайда болған қаржы құралы бойынша есепке алынады. Сыртқы борыш кепілдіктер мен өзге шартты міндеттемелерді, онымен қатар капиталға қатысу құралдарын (борыштық бағалы қағаздар позициясына қосылатын бейрезиденттерге тиесілі артықшылықты акцияларды есептемегенде) қамтымайды.

  • Географиялық қамту: Қазақстан Республикасының экономикалық аумағы Қазақстан экономикасына қатысты эксаумақты болып саналатын шетелдік мемлекеттердің елшіліктерін, консулдықтарын және басқа ресми органдарын қоспағанда, мемлекеттік шекараның ішіндегі оның географилық аумағымен сәйкес келеді. Шетелде орналасқан Қазақстан Республикасы Үкіметінің елшіліктері, консулдықтары, әскери базалары және басқа ресми органдары Қазақстан Республикасының экономикалық аумағына жатады

III. Есепке алу қағидаттары

  • Құндық бағалау: Сатылатын борыштық құралдар нарықтық құны бойынша бағаланады. Сатылмайтын құралдар номиналды құны бойынша көрсетілген.

    Сыртқы борыш деректері АҚШ долларында қалыптастырылады. Шетелдік міндеттемелердің егер олар басқа валюталарда номинирленген болса, есепті кезеңнің басындағы және соңындағы қалдықтарын есептеген кезде АҚШ долларына қайта есептеу Ұлттық Банктің осы күндерге орнатылған бағамдарын және кросс-бағамдарды пайдалану арқылы іске асырылады. Сыртқы борыштың ағындары мен қорларын келісу кезінде есепке алынатын қаржылық операцияларды АҚШ долларына қайта есептеу Ұлттық Банктің операция жасау күніне орнатылған бағамын немесе кросс-бағамды пайдалану арқылы іске асырылады. Операция жасалу күні туралы ақпарат болмаған жағдайда тоқсандық орташа айырбастау бағамы пайдаланылады.

  • Есепке алу негізі: Сыртқы борыштық міндеттемелер негізінен есептеу әдісі бойынша көрсетіледі. Жарияланған, бірақ төленбеген дивидендтер бойынша берешек қосылады.

 IV. Ақпараттың негізгі көздері

  • Қолма-қол ақша және депозиттер: Ақпарат көздері болып банктердің статистикалық есептері және Ұлттық Банктің бухгалтерлік есебінің деректері табылады.

  • Борыштық бағалы қағаздар: Бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (брокерлер, дилерлер, инвестициялық портфельді басқарушы ұйымдар, бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар мен тіркеушілер), банктер және қазақстандық эмитенттер ұсынатын статистикалық есептер деректері. Ұлттық қор операциялары бойынша деректер ғаламдық кастодиан есебі негізінде қалыптастырылады.

  • Кредиттер мен несиелер: Ақпарат көздері болып банктердің, басқа қаржы ұйымдарының және шетелдік компаниялардың филиалдары мен мемлекеттік органдарды қоса алғандағы қаржылық емес ұйымдардың статистикалық және әкімшілік есептері, жеке тұлғалардың әкімшілік есептері, Қазақстан Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есебінің деректері табылады.

  • Сауда кредиттері мен алғытөлемдер: Ақпарат көздері болып қаржылық емес ұйымдардың статистикалық және әкімшілік есептері табылады.

  • Өзге міндеттемелер: Ақпарат көздері болып банктердің, басқа қаржы ұйымдарының және шетелдік компаниялардың филиалдары мен мемлекеттік органдарды қоса алғандағы қаржылық емес ұйымдардың статистикалық және әкімшілік есептері, жеке тұлғалардың әкімшілік есептері, жеке ұйымдардың қаржылық есептері, Қазақстан Ұлттық Банкінің бухгалтерлік есебінің деректері және Ұлттық қор активтері бойынша ғаламдық кастодиан есептері табылады.

V. Деректерді әзірлеудің тәжірибелік ерекшеліктері

  • Банктердің және Ұлттық Банктің клиенттердің төлемдері (аударымдары) туралы ақпараты пайдаланылады.

VI. Басқа аспектілер

  • Қосымша ақпарат: тоқсан сайынғы негізде қосымша келесі деректер таратылады:
    – кредитор елдер бойынша сыртқы борыш;
    – қарыз алушылардың салалары бойынша сыртқы борыш;
    – кредиторлар мен қарыз алушылар секторлары бойынша сыртқы борыш;
    – сыйақы мөлшерлемелері бойынша сыртқы борыш;
    – міндеттемелердің валюталары бойынша сыртқы борыш;
    – эмиссия орны бойынша резиденттер шығарған және бейрезиденттерге тиесілі борыштық бағалы қағаздар;
    – өтеуге дейін қалған мерзім бойынша сыртқы борыш;
    – сыртқы борышқа қызмет көрсету бойынша төлемдер кестесі.
    Осыған ұқсас көріністегі талдамалық ақпарат кеңейтілген айқындаудағы мемлекеттік сектордың сыртқы борышы бойынша да қолжетімді.

  • Өзгелер: Есепті деректердің тоқсан сайынғы жариялануы «Қазақстан Республикасының төлем балансы және сыртқы борышы» басылымындағы талдамалық түсіндірмелермен толықтырылады.

Жоғарыға