2020 жылғы 5 – 12 маусым аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу
Сыртқы валюта нарығында 2020 жылғы 5 – 12 маусым аралығындағы кезеңде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. Дамушы елдердің валюталары АҚШ-та карантин шараларын жеңілдеткеннен кейін коронавирус инфекциясының екінші толқынының басталу қаупі (елдегі анықталған жұқтыру жағдайлары 2 млн астам болды), сондай-ақ 2020 жылғы АҚШ ФРЖ-сының экономика (-6,5%) және жұмыссыздық деңгейі (9,3%) бойынша жағымсыз болжамдар аясында төмендеді. АҚШ ФРЖ жоспарлы отырыс өткізді, оның қорытындысы бойынша мөлшерлеме деңгейін өзгертпестен, 0%-0,25% аралығында сақтауға шешім қабылданды. Джером Пауэлл АҚШ ФРЖ-сының 2022 жылдың соңына дейін мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруға дайын екендігін хабарлады. Дүниежүзілік Банк жартыжылдық есебінде әлемдік экономиканың пандемия салдарынан Екінші дүниежүілік соғыс уақытынан бері ең жоғары мөлшерге (-5,2%) құлдырайтынын болжайды.
Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні былайша қалыптасты:
- үнді рупиясы инвесторлардың тәуекел дәрежесінің нашарлауы және АҚШ доллары бағамының жалпы нығаюы аясында 0,4%-ға (75,58-ден 75,85-ке дейін) әлсіреді;
- түрік лирасы Euroclear халықаралық депозитарлық-клирингтік жүйесімен облигациялар бойынша есептер жүргізу туралы келісім жасалғаны жөніндегі хабарламаға қарамастан АҚШ экономикасының ұзақ уақыт қалпына келуі және тәуекел-менеджментінің жалпы төмендеуі жөніндегі күтулер туралы АҚШ ФРЖ Төрағасының түсініктемелерінен кейін 0,6%- ға (6,77-ден 6,81-ге дейін) әлсіреді;
- Оңтүстік Африка ранды тәуекелдік активтер нарығындағы жаппай сатылымдарға байланысты АҚШ доллары бағамының жаһандық нығаюы, сондай-ақ соңғы 39 жылда кен өндіру өнеркәсібі өндірісінің сәуірде кең ауқымда құлдырауы (-47,3% ж/ж) туралы деректердің шығуы аясында 1,2%-ға (16,88-ден 17,08-ге дейін) әлсіреді;
- Ресей рублі мұнай бағасының төмендеуі және АҚШ Конгресіндегі Ресейге қарсы санкцияларды талқылауды жаңарту аясында 1,7%-ға (68,7-ден 69,87-ге дейін) әлсіреді;
- Бразилия реалы инвесторлардың тәуекел-дәрежесінің азаюы және пайданың тиянақталуы аясында 1,8%-ға (4,96-дан 5,05-ке дейін) әлсіреді. Дефиляция туралы деректердің (мамырда -0,38 м/м) шығуы негізгі мөлшерлемені бұдан әрі азайту мүмкіндігін арттырады;
- Индонезия рупиясы инвесторлардың тәуекел-дәрежесін жаһандық түзету аясында 1,8%-ға (13 878-ден 14 133-ке дейін) әлсіреді;
- Мексика песосы АҚШ долларының жалпы нығаюы және тәуекел-дәрежесінің бәсеңдеуінен АҚШ қор индекстерінің құлдырауы аясында 3,2%-ға (21,58-ден 22,26-ға дейін) әлсіреді.

