2020 жылғы 3-10 сәуір аралығында жекелеген дамушы елдердің валюталары бойынша шолу
Сыртқы валюта нарығында 2020 жылғы 3 - 10 сәуір аралығындағы кезеңде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды. АҚШ ФРЖ экономиканы қолдаудың $2,3 трлн көлеміндегі жаңа ауқымды бағдарламасын жариялады, ол шағын және орта бизнесті кредиттеумен қатар, инвестициялықтан төмен, BB- дейін рейтингтері бар корпоративтік облигацияларды сатып алуды да қамтиды. АҚШ ФРЖ-ның наурыздағы кезектен тыс отырысының хаттамасы жарияланды, онда ОБ экономика коронавирустың салдарынан қалпына келгенше негізгі мөлшерлеме деңгейінің нөлге жақын болатыны туралы хабарлады. Бір аптаның ішінде Еуропаның төрт елінде (Испания, Италия, Франция және Германия) инфекцияның таралуы баяулады. Ірі мұнай өндірушілер арасындағы баға қырқысы 1 мамырдан бастап өндірісті тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқарту туралы мәмілемен аяқталды.
Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының серпіні былайша қалыптасты:
- Мексика песосы дамыған елдерде коронавирустың таралуы бәсеңдегені туралы хабарламаларға, сондай-ақ АҚШ ФРЖ өтімділікті ұсыну жөніндегі шараларына байланысты тәуекел сентименті жақсару аясында 6,8%-ға (25,01-ден 23,31-ге дейін) нығайды. Наурызда инфляция 3,25% құрады, сарапшылардың болжамынан төмен болды, бұл песо бағамының әлсіреуінен ауыстыру әсеріне алаңдаушылықты төмендетеді;
- Оңтүстік Африка ранды жаһандық инвесторлардың тәуекел деңгейінің жақсаруы аясында 5,7%-ға (19,04-тен 17,96-ға дейін) нығайды. ОАР Үкіметі Жаңа Даму Банкімен экономиканы қолдау үшін $1 миллиард көлемінде қарыз бөлу туралы келіссөздер жүргізуде;
- Бразилия реалы әлемдік қаржы нарықтарындағы құбылмалылықтың төмендеуі, сондай-ақ Президенттің карантин шаралары бойынша жанжалдан кейін Денсаулық сақтау министрін қызметінен босатпау туралы шешімінің аясында 4,5%-ға (5,35-тен 5,11-ге дейін) нығайды. S&P рейтингтік агенттігі елдің тәуелсіз рейтингін BB- деңгейінде ұстап тұрды, алайда болжам позитивтіден тұрақтыға өзгертілді;
- Ресей рублі мұнай бағасының өсуі аясында 3,7%-ға (76,58-ден 73,77-ге дейін) нығайды. РФ Қаржы мині наурызда орналастыру уақытша тоқтатылғаннан кейін ФҚО аукциондарын қайта бастады;
- Индонезия рупиясы ОБ Нью-Йорктің ФРБ репо бағдарламасы шеңберінде өтімділікті қолдау үшін 60 млрд доллар бергені туралы хабарламаның және ОБ рупийдің жете бағаланбағаны туралы оң пікірлері аясында 3,3%-ға (16 430-дан 15 880-ге дейін) нығайды;
- түрік лирасы инвесторлдардың ауқымды тәуекел деңгейін қалпына келтіру аясында 0,4%- ға (6,73-тен 6,7-ге дейін) нығайды;
- үнді рупиясы мұнай бағасының өсуі, сондай-ақ елде коронавирус ауруының көп таралуы жағдайында 0,1%-ға (76,2-ден 76,29-ға дейін) әлсіреді.

