1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк AI Journey конференциясында цифрлық шешімдері мен қаржы инфрақұрылымын дамыту жоспарын таныстырды

Қазақстан Ұлттық Банкі Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық конференциясында алаяқтыққа қарсы күрес пен ақша-кредит саясаты бойынша талдау жасауға жасанды интеллектіні қолдану тәжірибесін бөлісті.

Конференцияда Ақша-кредит саясаты комитетінің жұмысына талдау жасауда қосымша көмекші бола алатын IRIS цифрлық көмекшісі таныстырылды. Бұл жүйе Ұлттық Банктің талдау жүйелерімен біріктірілген. Ол әртүрлі дереккөзден ақпарат жинап, талдайды, ішкі және сыртқы нарықтардағы жағдайды бағалайды, болжамдар әзірлеп, Комитет отырыстарына қажетті талдау материалдарын әзірлейді.

Сонымен қатар Ұлттық Банк ЖИ негізіндегі төлем агенттерінің сенімді жұмыс істеуіне қажет инфрақұрылым қалыптастырып жатыр. Мұндай қызметтер қазірдің өзінде Қазақстандағы бірнеше банктің жеке клиенттеріне қолжетімді. Олар клиенттің тапсырмасы бойынша төлем операциясын жүргізе алады. Мысалы, клиент белгілі бір қызметтің ақысын төлеуді немесе ақша аударуды тапсырса, ЖИ-агент операцияны әзірлеп, клиент растағаннан кейін оны жүзеге асырады. Жаңа агенттік қызметтер алдымен реттеушінің арнайы сынақ алаңдарында тексеріледі.

1 қазаннан бастап Антифрод-орталықта ЖИ-агент іске қосылды. Ол алаяқтыққа қатысты оқиғаларды талдап, қажет ұсыныстар әзірлейді және оларды өңдеу жұмысын автоматтандырады. Жиналған деректерді талдау арқылы ықтимал алаяқтық тәсілдерін анықтап, олардың алдын алу шараларын ұсынады. Ал «Телеком Антифрод» жобасы аясында жасанды интеллект модельдері телефон қоңырауы кезінде-ақ алаяқтық белгілерін анықтау үшін қолданылады. 

Ұлттық Банк ұлттық төлем жүйелеріне жасанды интеллектке негізделген транзакциялық антифрод жүйесін енгізуді де жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде бұл жүйе жеке тұлғалар арасындағы ақша аударымдарына (P2P) енгізілмек. Жаңа жүйе банкаралық операцияларды талдап, жекелеген банктердің назарынан тыс қалуы мүмкін күмәнді әрекеттерді анықтауға мүмкіндік береді. Ол үшін операциялар туралы мәлімет Антифрод-орталықтың деректерімен, байланыс операторларынан түсетін сигналдармен және клиенттің әдеттегі операциялық белсенділігімен салыстырылады. Осылайша күмәнді ақша аударымдарын қаражат алушының шотына түспей тұрып тоқтатуға болады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға