Банктерде жүргізілген сауалнама: Қазақстанда несиеге сұраныс қалай өзгеріп келеді
ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаевтың түсіндірмесі
Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу
2026 жылғы III тоқсанда банктер кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке сұраныс артқанын атап өтті. Сұраныс негізінен ірі және орта бизнес сегменттерінде өсті.
Ірі бизнес сегментінде жекелеген банктер сұраныстың арту себебін стратегиялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша, оның ішінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында түскен өтінімдермен байланыстырады. Қазіргі уақытта банктер, Үкімет және қаржы реттеушілері осындай жобаларды қаржыландыру шарттарын жақсарту бағытында бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, банктер қазақстандық банктердің қатысуымен синдикатталған қаржыландыру мүмкіндіктерін пысықтауда. Бұл ретте бір ірі банкте өтінім саны да, олардың орташа сомасы да артқанымен, бірқатар басқа банктерде өтінім саны азайған. Сөйтіп ірі бизнес субъектілерінен түскен кредиттік өтінімдер саны тоқсаннан тоқсанға (т/т) 3%-ға біршама төмендеп, 229 болды. Сонымен бірге өтінімдердің орташа сомасы негізінен жекелеген ірі жобалар есебінен 82%-ға (т/т) едәуір өсіп, 20,9 млрд теңгеге жетті.
Орта бизнес сегментінде сұраныстың біршама артуы негізінен ШОБ-ты қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың, оның ішінде «Өрлеу», «Өндіріс», «Іскер аймақ» бағдарламаларының іске асырылуымен, сондай-ақ ауыл шаруашылығын қаржыландыру үшін Аграрлық кредиттік корпорация қаражаты мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдік қолдауын пайдаланумен байланысты болды.
Шағын және микрокәсіпкерлік сегментінде сұраныс бұрынғы деңгейде сақталды. Бұл ретте бірқатар банктер салық заңнамасындағы өзгерістер мен тұтынушылық сұраныстың біршама азаюына байланысты кредитке сұраныс төмендегенін атап өтті. Орта бизнестен түскен өтінімдер саны 2%-ға (т/т) өсіп, 5,4 мыңға жетті, ал олардың орташа сомасы 23%-ға (т/т) ұлғайып, 1,1 млрд теңге болды. Шағын бизнес бойынша өтінім саны 5%-ға (т/т) біршама төмендеп, 856 мыңды құрады, ал өтінімдердің орташа сомасы 7%-ға өсіп, 24,4 млн теңгеге жетті.
Бизнестің барлық сегментінде өтінімді мақұлдау коэффициенттері аздап өзгерді: ірі және орта бизнес бойынша мақұлданған өтінімдердің үлесі 2 п.т.-ға төмендеп, тиісінше 64% және 37% болды, ал шағын бизнес сегментінде бұл көрсеткіш 1 п.т.-ға төмендеді – 32%.
IV тоқсанда банктер жыл соңындағы іскерлік белсенділіктің маусымдық жандануына және қаржыландыру құнының одан әрі төмендеуіне қатысты күтулер аясында бизнес тарапынан кредитке сұраныс артады деп болжайды.
Ипотека және тұтыну кредиті, автонесие
2026 жылғы III тоқсанның қорытындысы бойынша банктер ипотекалық қарыздарға, автокредиттерге және кепілмен қамтамасыз етілген тұтыну қарыздарына сұраныс төмендегенін атап өтті. Ал кепілсіз берілетін тұтыну қарыздарына сұраныс біршама өсті.
Ипотекалық қарыздарға сұраныстың төмендеуі ірі банкте мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырудың уақытша тоқтатылуымен және нарықтағы ипотека шарттарының сақталуымен байланысты болды. Сонымен бірге жинақтаушы ипотекалық бағдарламаның іске қосылуы және кейбір орта банктердің ипотекалық кредит беруді қайта бастауы аясында өтінім саны 19%-ға (т/т) өсіп, 271 мың болды. Өтінімдердің орташа мөлшері 6%-ға өсіп, 22,7 млн теңгеге жетті.
Кепілмен қамтамасыз етілген тұтыну қарыздарына сұраныс реттеушілік талаптар мен қаржыландыру құнының сақталуы аясында айтарлықтай төмендеді. Жекелеген банктердің бағалауынша, клиент қалауының өзгеруі, сондай-ақ сұраныстың әртүрлі кредиттік өнімдер мен қаржы нарығының сегменттері арасында қайта бөлінуі кредитке деген сұраныстың өзгеруіне әсер еткен. Өтінім саны 11%-ға (т/т) азайып, 76 мың болды, ал олардың орташа мөлшері 18%-ға өсіп, 14,4 млн теңгеге жетті.
Кепілсіз тұтыну қарыздарына сұраныстың аздап өсуіне клиенттердің маусымдық белсенділігі, маркетингтік іс-шаралар мен жекелеген банктің онлайн өтінім қабылдауды қайта бастауы ықпал етті. Осылайша, өтінімнің жалпы саны 3%-ға (к/к) өсіп, 16,4 миллионға жетті, ал олардың орташа мөлшері 1%-ға төмендеп, 1 055 мың теңге болды.
Автонесиеге сұраныстың аздап төмендеуі кейбір банктерде жекелеген серіктестер арқылы өтінім қабылдаудың уақытша тоқтатылуымен және тәуекелдерді шектеу мақсатында кредит беру көлемінің қысқартылуымен байланысты болды. Ірі банктердің бірі клиенттердің төлем қабілеті мен бәсекелестіктің күшеюі де сұранысты тежегенін атап өтті. Дегенмен өтінім саны 10%-ға (т/т) өсіп, 1,6 миллионға жетті. Бұған жекелеген орта банктердің автодилермен ынтымақтастығын кеңейтуі ықпал етті. Өтінімдердің орташа сомасы 2%-ға өсіп, 7,2 млн теңге болды.
Мақұлдау коэффициенттері бөлшек несиелеудің барлық түрінде төмендеді: ипотекалық қарыздар бойынша 4 п.т.-ға (т/т) – 29%-ға дейін, кепілмен қамтамасыз етілген тұтыну қарыздары бойынша 4 п.т.-ға – 27%-ға дейін, кепілсіз қарыздар бойынша 2 п.п.-ға – 31%-ға дейін. Автонесие бойынша мақұлдау коэффициенті өзгерген жоқ – 18%.
2026 жылғы IV тоқсанда банктер ипотекалық қарыздарға сұраныс айтарлықтай, ал кепілсіз тұтыну қарыздарына сұраныс біршама өседі деп күтеді. Сонымен қатар кепілмен қамтамасыз етілген тұтыну қарыздарына сұраныс одан әрі төмендеп, автонесиеге сұраныс бұрынғы деңгейде сақталады деп болжайды. Банктер ипотека мен тұтыну кредитінің шарттарында айтарлықтай өзгеріс күтпейді. Автонесие сегментінде шарттар біршама жеңілдейді деп болжанады.
2026 жылғы III тоқсанда кредиттеу бойынша банктер арасында жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 21 банк қатысты. Мұндай сауалнаманы Ұлттық Банк тоқсан сайын несие ресурстарына сұраныс пен ұсыныстағы өзгерістерді бағалау мақсатында жүргізеді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz