1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк қарыз алушылардың борыш жүктемесі коэффициентін жекелеген қарыз түрлері бойынша есептеу тәртібін нақтылау жөнінде қаулы жобасын әзірледі

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы» қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Басқарма қаулысының жобасы (бұдан әрі – Жоба) әзірленгенін хабарлайды.

Қазіргі уақытта кредит беру туралы шешім қабылдау кезінде борыш жүктемесі коэффициентінің (бұдан әрі – БЖК) ең жоғары деңгейін міндетті түрде сақтау талаптары 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін мына қарыздарға қолданылмайды:

1. Тұрғын үй құрылыс жинақтары (ТҚЖ) жүйесі аясында берілетін қарыздарға;

2. Мынадай автокөлік құралдарын сатып алуға арналған автокредиттерге:

   - Қазақстанда бұрын пайдаланылмаған және алғаш рет тіркелетін, сондай-ақ қарыз бойынша кепіл нысанасы болатын жаңа автокөлікті сатып алуға;

   - бұрын пайдаланылған және қарыз бойынша кепіл нысанасы саналатын, құнының кемінде 50%-ы мөлшерінде бастапқы жарна төленетін автокөлікті сатып алуға;

   - 3 жылға дейін пайдаланылған және қарыз бойынша кепіл нысанасы саналатын, құнының кемінде 30%-ы мөлшерінде бастапқы жарна төленетін автокөлікті сатып алуға.

Ұлттық Банк ипотека мен автокредиттеу нарығының даму серпініне, кредит портфельдерінің сапасына және әлеуетті тәуекелдер деңгейіне бағалау жүргізді. Бағалау нәтижесі бойынша ипотекалық кредиттеу нарығында кредит портфелі сапасының жоғары деңгейі сақтала отырып, тұрақты өсім байқалады. Автокредиттеу нарығында алдыңғы жылдармен салыстырғанда кредиттеу қарқыны баяулағаны байқалады. Бұған дейін бұл сегмент жоғары өсу қарқынымен сипатталған еді. Сонымен қатар автомобиль өндірісінің жоғары серпіні сақталып отыр.

Жүргізілген бағалауды ескере отырып, Ұлттық Банк ТҚЖЖ жүйесі аясында берілетін қарыздар бойынша БЖК талаптарынан қолданыстағы ерекшеліктерді 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін, ал автокредиттеу бойынша 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ Жобада, егер мұндай операция қолданыстағы қарыз бойынша мерзімді төлемдер мөлшерін ұлғайтпаса, ішкі қайта қаржыландыру аясында қарыз беру кезінде БЖК-ның шекті мәнін сақтау талабынан босату көзделеді.

БЖК есептеу кезінде:

- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша қоса қарыз алушылардың кірісі мен борыштық міндеттемелерін;

- егер ипотекалық тұрғын үй қарызы осы төлемдердің есебінен өтелетін болса, қарыз алушының төлем қабілетін бағалау және БЖК есептеу кезінде ағымдағы тұрғын үй төлемдерін ескеру ұсынылады.

Ұлттық Банк 2027 жыл бойы кредит нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Кредиттеудің жекелеген сегменттерінде жүйелік тәуекелдер артқан жағдайда, Ұлттық Банк халықтың борыштық жүктемесін және қаржылық тұрақтылыққа қатысты басқа да көрсеткіштерді ескере отырып, қосымша шаралар енгізу құқығын өзіне қалдырады.

Ұлттық Банк теңгерімді тәсілді ұстанады. Қабылданып жатқан шаралар борыштық жүктеменің шамадан тыс ұлғаюына жол бермеуге бағытталған және түптеп келгенде кредит нарығында қарыз алудың мейілінше орнықты моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға