Халықаралық валюта қорының Қазақстанда өткен Миссия қорытындысы бойынша тұжырымы жарияланды
4–17 қараша аралығында Қазақстан ХВҚ Келісімінің IV бабы бойынша консультация аясында Халықаралық валюта қорының (бұдан әрі – ХВҚ) Миссиясын қабылдады. Сапар қорытындысы бойынша тұжырымды мәлімдеме жарияланды, онда ағымдағы экономикалық жағдайға шолу, болжамдар мен экономикалық саясатқа қатысты ұсынымдар қамтылған.
Миссия ақша-кредит саясаты мен пруденциялық шараларды қатаңдату, сондай-ақ өтімділікті басқару тиімділігін арттыру инфляцияның төмендеуіне ықпал еткенін атап өтті. Қазан айында жылдық инфляция 9,2% болды. Бұған теңгенің нығаюы және азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі баяулағаны да әсер етті.
ХВҚ болжамы бойынша инфляция біртіндеп төмендейді. Дегенмен, миссия мейілінше қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу қажет екенін айтады.
Миссияның бағалауы бойынша қаржылық тұрақтылыққа төнетін тәуекелдер шектеулі. Қабылданған пруденциялық шаралар қамтамасыз етілмеген тұтынушылық кредиттеудің өсімін баяулатып, халықтың борыштық жүктемесін тежеуге ықпал етті. ХВҚ қолданыстағы шараларды сақтап, мемлекеттік ынталандыру шаралары ықпал ететін кредиттеу сегментіне, оның ішінде ипотекалық кредиттеуге мониторинг жүргізуді жалғастыру қажет деп санайды.
ХВҚ Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 2026 жылы шамамен 4,6% болып, кейін 2027 жылы 4,8%-ға дейін жеделдейді деп болжайды.
Миссия көмірсутек бағасының төмендеу үрдісін, негізгі сауда-серіктес елдердегі экономикалық өсімнің баяулау құбылысын, жаһандық қаржылық шарттардың қатаңдауын, сондай-ақ мұнай өндіру мен экспорттаудағы іркілістерді – негізгі сыртқы тәуекелдер қатарына жатқызып отыр. Ал бюджет кірісінің толық түспеуі, квазифискалдық қызмет ауқымының кеңеюі, тарифтік қысым мен инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде сақталуы – ішкі тәуекелдер ретінде айтылды.
Сонымен қатар, Миссия өнімділікті арттырып, экономикадағы жеке сектордың рөлін күшейту үшін құрылымдық реформалар жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Басым бағыттар ретінде мемлекеттің араласуын азайту, мемлекеттік кәсіпорындарды ашық түрде қайта құрылымдау және жекешелендіру, іскерлік ахуалды жақсартып, капитал нарығын одан әрі дамыту айқындалды.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (717) 2 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz