Ұлттық Банк басшылығының B20 саммиті мен Қазақстан-Америка іскерлік дөңгелек үстеліне қатысуы туралы
Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов бастаған делегация Вашингтонда өткен B20 USA іскерлік қауымдастық саммитінің іс-шараларына, соның ішінде Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі мен «Атамекен» ҰКП және АҚШ Сауда палатасының қолдауымен ұйымдастырылған «Стратегиялық серіктестіктен нақты жобаларға» атты Қазақстан-Америка іскерлік дөңгелек үстеліне қатысты.
Америкалық бизнес пен инвестициялық қауымдастық өкілдеріне Қазақстанның экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары таныстырылды. Экономиканың нақты секторына ұзақмерзімді капитал тартуға, капитал нарығын дамытуға және технологиялық жаңғыруға ерекше назар аударылды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді.
Дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов шикізат емес салалардың өсу үрдісі қолдап отырған Қазақстан экономикасының орнықтылығы мен егемен кредит рейтингтерінің инвестициялық деңгейде сақталғанын атап өтті. Америкалық іскерлік қауымдастыққа баға мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, инвесторлар аясын кеңейтуге және бизнесті қаржыландыру құралдарын көбейтуге бағытталған қаржы нарығы реформалары жайында ақпарат берілді. Қазақстандық бағалы қағаздар нарығының, «Астана» халықаралық қаржы орталығының және іскерлік белсенділіктің, технологиялар мен цифрлық қаржының жаңа орталығы ретінде Alatau City жобасының мүмкіндіктері, сондай-ақ халықаралық капиталды тарту перспективалары қарастырылды.
Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын, оның ішінде цифрлық теңгені дамытуға ерекше назар аударылды. Цифрлық активтер мен токендеуді реттеу тәсілдері, сондай-ақ қаржы технологиялары, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері таныстырылды. Деректерді өңдеу орталықтары мен энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция тарту әлеуеті айтылды.
Бұдан бөлек, Ұлттық Банк басшылығы активтерді басқару саласындағы жетекші халықаралық компаниялармен кездесулер өткізді. Brookfield Asset Management және Ashmore Investment Management компанияларымен өткен кездесулерде Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасын іске асыру, жеке борыш пен капитал саласындағы инвестициялық мандаттарды іске қосуға дайындық, сондай-ақ перспективалы жобаларды іріктеу мен әріптестердің Қазақстандағы қызметін одан әрі кеңейту мәселелері қаралды.
BlackRock және PGIM компанияларымен арадағы келіссөздер барысында ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде инфрақұрылым, энергетика, цифрлық технологиялар мен басқа да басым салаларға капитал мен сараптамалық тәжірибе тарту мүмкіндіктері қарастырылып, активтер мен инвестициялық тәуекелдерді басқару тәсілдері талқыланды.
J.P. Morgan Asset Management, Franklin Templeton және PIMCO өкілдерімен жаһандық нарықтардың перспективалары, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы мен ішкі капитал нарығын дамыту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті. Халықаралық инвесторлардың мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына қатысуын кеңейтуге, оның ішінде қазақстандық облигацияларды J.P. Morgan GBI-EM индексіне енгізу аясындағы мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды.
Golub Capital, Carlyle және KKR компанияларымен өткен кездесуде жеке кредиттеу, жылжымайтын мүлік және инфрақұрылым нарығының үрдістер, бірлескен инвестиция перспективалары және Ұлттық Банктің Ұлттық инвестициялық корпорациясымен өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
B20 USA іс-шараларына қатысу Қазақстан-Америка инвестициялық ынтымақтастығын кеңейтуге, Қазақстан экономикасын дамыту үшін ұзақмерзімді капитал мен халықаралық сараптамалық тәжірибені тартуға бағытталған.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz