Ұлттық Банк БЖЗҚ мен Ұлттық қор активтерін басқару тәжірибесін таныстырды
Нархоз университетінің алаңында қаржы нарығы, академиялық және сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Ұлттық Банкінің сараптамалық-талдау клубының кезекті отырысы өтті.
Жиында Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарудағы негізгі қағидаттар таныстырылды. Олар ұзақмерзімді тәсілге, портфельдерді стратегиялық тұрғыда жіктеуге және әртараптандыруға, сын-қатерлерді басқаруға, сондай-ақ, активтердің әртүрлі класы мен халықаралық сараптаманы қолдануға негізделген.
2026 жылғы он айдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің басқаруындағы активтердің жалпы көлемі шамамен 204,6 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 66,9 млрд доллар болса, алтын-валюта резервтері – 64,1 млрд доллар, ал БЖЗҚ зейнетақы активтері – 28,5 трлн теңге немесе шамамен 62,9 млрд доллар.
Инвестициялық портфельдердің құрылымы олардың мақсаты мен инвестиция салу мерзіміне қарай айқындалады. Ұлттық қордың басты міндеті – келешек ұрпаққа қалатын қаражат қорын жинау және сын-қатерлердің қалыпты деңгейін сақтай отырып ұзақ мерзімде кіріс алу. Ал БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқарғанда, жинақтың сақталуына, кірістілікті, тәуекел мен өтімділік арасындағы теңгерімді сақтай отырып, ұзақ мерзімде нақты табыс табуға басымдық беріледі.
Соңғы жылдары Ұлттық қор мен БЖЗҚ инвестициялық стратегиялары портфельдерді мейілінше теңгерімді әрі әртараптандырылған құрылымда қалыптастыру бағытында жүйелі түрде дамып келеді. Ұлттық қордың портфелінде акция, алтын және баламалы инвестиция сияқты табыс әкелетін құралдардың үлесі артты. Ал БЖЗҚ портфелінің валютадағы бөлігі өсіп, акция мен баламалы инвестиция құралдарының үлесі көбейді.
Отырыста баламалы инвестицияға да назар аударылды. Бұл ұзақ мерзімде кіріс алып отырудың және инвестициялық портфельдерді әртараптандырудың тағы бір жолы ретінде қарастырылады. Қазір Ұлттық қор мен БЖЗҚ баламалы инвестициялары портфелінің көлемі 3,8 млрд АҚШ долларына жетіп отыр.
Сонымен қатар жалпы көлемі 1 млрд АҚШ доллары болатын Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы таныстырылды. Оның аясында Ұлттық қордың активтерін нарық талаптарына сай экономиканың шикізаттан өзге секторларындағы жобаларға инвестициялау көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, жиынға қатысушыларға ұлттық стратегиялық крипторезерв қалыптастыру мен цифрлық актив саласындағы құзыреттерді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берілді. Ұлттық Банк инвестициялық талдау жүргізгенде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтіп, сын-қатерді басқару жүйесін жетілдіру мен инвестиция портфельдерін кешенді түрде басқару тәсілдерін дамыту бағытында да жұмыс істеп жатыр.
Жиынға қатысқандар Ұлттық қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасты.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz