1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк жекелеген қарыз түрлері үшін БЖК талаптарын қолданбау мерзімін ұзартты

Ұлттық Банк ипотекалық кредиттеу мен автокредиттеу нарығындағы жағдайға жасалған талдау және бағалау қорытындысы бойынша тұрғын үй құрылыс жинақ (ТҚЖ) жүйесі мен автокредиттеу аясында қарыз беру кезінде борыш жүктемесі коэффициентін (БЖК) міндетті түрде сақтау талаптарын қолданбау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады.

Қазіргі уақытта кредит беру туралы шешім қабылдау кезінде БЖК-ны міндетті сақтау талаптары мына бағыттар аясында берілетін қарыздарға қолданылмайды:

1. ТҚЖ жүйесімен берілетін қарыздар;

2. автокредиттер:

  • пайдалануда болмаған және Қазақстан аумағында алғаш рет тіркелетін әрі қарыз бойынша кепілмен қамтамасыз етілетін жаңа автокөлікті сатып алуға берілетін;
  • бастапқы жарнасы өз құнының 50%-ын құрайтын және қарыз бойынша кепілге қойылатын қолданыста болған автокөлікті сатып алуға берілетін;
  • пайдаланылған мерзімі 3 жылға дейінгі, бастапқы жарнасы өз құнының 30%-ын құрайтын және қарыз бойынша кепілге қойылатын автокөлікті сатып алуға берілетін.

Ұлттық Банк:

  • ТҚЖ жүйесі ішінде берілетін қарыздар үшін – 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
  • жоғарыда аталған автокредит санаттары үшін – 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыстағы ерекшеліктерді ұзарту туралы шешім қабылдады.

Тиісті өзгерістер «Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы» Ұлттық Банктің 2025 жылғы 25 тамыздағы № 52 Басқарма қаулысына енгізіледі.

Сонымен қатар, Ұлттық Банк 2027 жыл бойы кредит нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізуді жалғастырады. Кредиттеудің жекелеген сегменттерінде жүйелік тәуекелдер ұлғайған жағдайда Ұлттық Банк халықтың борыштық жүктемесі мен қаржылық орнықтылыққа қатысты басқа да көрсеткіштерді ескере отырып, қосымша шаралар енгізу құқығын өзіне қалдырады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға