Ұлттық Банк Астанада өткен Сараптамалық-талдау клубының отырысында ҚҰБ саясатын талдау және болжамдау жүйесін таныстырды
2026 жылғы 5 қарашада Астанадағы Maqsut Narikbayev University алаңында Қазақстан Ұлттық Банкінің Сараптамалық-талдау клубының отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан Ұлттық Банкінің, сарапшылар мен академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Кездесу аясында Ұлттық Банк экономикалық жағдайды талдауда және макроэкономикалық болжамдарды әзірлеуде қолданылатын FPAS жүйесін таныстырды. Оның құрамына тоқсандық болжам моделін (QPM) қоса алғанда, қысқамерзімді және ортамерзімді болжау құралдары кіреді. Бұл құралдар экономиканың ағымдағы жай-үйін талдауға, макроэкономикалық болжамдарды қалыптастыруға және экономиканың дамуына қатысты ықтимал сценарийлерді бағалауға мүмкіндік береді.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов ҚҰБ саясатын талдау және болжау жүйесі экономикадағы өзгерістерді, жаңа деректер мен сын-қатерлердің пайда болу құбылысын ескере алатын жағдайда дамып келе жатқанын атап өтті.
«Жүйе халықаралық тәсілдер мен тәжірибелерге сүйене отырып құрылды. Біз оны жақсартып қана қоймай, құралдарды жаңартып, талдау процестерін жетілдіру бағытында тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз. Экономика өзгереді, онымен бірге жаңа деректер мен сын-қатерлер пайда болады, сондықтан болжау жүйесі де олармен қатар дамуға тиіс. Біз оны одан әрі жетілдіре түсеміз және сарапшылар қауымдастығы Ұлттық Банктің болжамдары мен шешімдері қалай қалыптасатынын жақсырақ түсінуі үшін талдау жұмыстарының ашық болуына айрықша назар аударамыз», - деді Ақылжан Баймағамбетов.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин ақша-кредит саясаты бойынша шешім қабылдау барысында қолданылатын тәсілдерге тоқтала келе, олардың деректерді жүйелі талдауға сүйенетінін атап өтті.
«Шешімдеріміздің негізінде ауқымды деректер жиынтығын жүйелі талдау жатыр: оларды жинау мен өңдеуден бастап, болжам мен сценарий құруға дейінгі процесті түгел қамтиды. Бұл Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетке экономиканың жай-үйін жан-жақты бағалауға және негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», - деді Рүстем Оразалин.
Сонымен қатар Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты департаментінің өкілдері сөз арасында болжау процесі, жасанды интеллектіні қолдану және инфляцияны қысқа мерзімде болжау әдістері туралы айтып берді.
Кездесу ұсынылған тәсілдерді талқылаумен және қорытынды жасаумен аяқталды. Ұлттық Банк экономиканы талдау және ақша-кредит саясаты мәселелері бойынша сарапшылар мен академиялық қауымдастықпен, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен кәсіби диалогты одан әрі дамыта береді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz