1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі туралы ҚР ҰБ Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің мәлімдемесі

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері!
Құрметті журналистер!
Қайырлы күн.
Ұлттық Банкке қош келдіңіздер.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 15,75%-ке дейін, яғни 50 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады.

Біз инфляцияның динамикасын, оның факторларын және тәуекелдер балансын негізге алып шешім қабылдадық.

Инфляцияның өсу қарқыны бәсеңдеп келеді. Жылдық инфляция жыл бойы баяулап, қыркүйекте 9,3% болды. Бұл ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтай отырып, бүгін базалық мөлшерлеме деңгейін пропорционал түрде төмендетуге мүмкіндік берді.

Инфляцияның өсу қарқыны бәсеңдегені жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының оң нәтижесін көрсетеді. Инфляцияның баяулауына нығайған теңге бағамы, орныққан тұтынушылық сұраныс және Үкіметпен бірге инфляцияға қарсы қабылданған шаралар да ықпал етіп отыр.

Инфляцияның төмендеуіне қарамастан, ол нысаналы деңгейден әлі де жоғары, ал тәуекелдер балансы проинфляциялық аймақта сақталып отыр. Осындай жағдайда біз ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, байыпты тәсілді ұстанамыз.

Біздің басты міндетіміз – инфляцияны 2027 жылы 6,5-8,5% аралығында төмендетіп, 2028 жылы оны 5%-тік нысаналы деңгейге жақын тұрақтандыру. Базалық мөлшерлеме бойынша алдағы шешімдер инфляцияның нақты және күтілетін динамикасына, инфляциялық күтулерге және проинфляциялық тәуекелдерді бағалауға байланысты болады.

Енді шешімге түрткі болған факторларға тоқталайын.

БІРІНШІ. ИНФЛЯЦИЯ МЕН ИНФЛЯЦИЯЛЫҚ КҮТУЛЕР ДИНАМИКАСЫ.

Қыркүйекте жылдық инфляция баяулай түсіп, тамыздағы 9,8%-ке қарағанда 9,3% болды. Оның құрылымында азық-түлік инфляциясы, негізінен, көкөніс пен жеміс-жидек айтарлықтай арзандағасын 9,5%-тен 8,5%-ке дейін біршама төмендеді. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11%-ке дейін төмендеді. Тұтынушылық сұраныстың тұрақтануы, импорттық тауарлар жағынан инфляциялық қысымды тежеп отырған теңгенің нығаюы азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын инфляция компоненттерінің баяулауына ықпал етті.

Сервистік инфляция 8,9% болды. Реттелетін қызметтердің бағасы қалыпты өсті, ал нарықтық қызметтер бағасы жоғары қарқынмен өсіп отыр.

Айлық инфляция қыркүйекте тамыз айындағы деңгейде сақталып, 0,6% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,1%-ке төмендеді, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер, тиісінше, 1,1%-ке және 1,0%-ке қымбаттады. Бұл инфляциялық процестердің біртекті емес екенін білдіріп, одан әрі мониторинг жасауды қажет етеді.

Базалық және маусымдық факторлардан тазартылған инфляцияға тоқталсақ, олардың көрсеткіші 0,7% (тамызда базалық – 0,7%, маусымдық факторлардан тазартылған – 0,9%) болды. Тұрақты компоненттердің жоғары деңгейі экономикада баға қысымы сақталып отырғанын білдіреді. Дезинфляциялық үрдістерді одан әрі бекіту үшін ақша-кредит саясатын қалыпты қатаң сақтау талап етіледі.

Халықтың инфляциялық күтулері тамыздағы 12,1%-тен қыркүйекте 11,8%-ке дейін төмендеді. Азық-түлік, жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтер бағасы – жоғары күтулердің қалыптасуына негіз болған факторлар.

Қазан айында кәсіби қатысушылардың күтулері де жақсарды. 2026 жылға болжанған инфляция бір мәнді көрсеткіш – 9,5%-ке, 2027 жылғы болжамды инфляция – 8,3%-ке дейін төмендеді.

ЕКІНШІ. ІШКІ ЭКОНОМИКАДАҒЫ ҮРДІСТЕР.

Қазақстан экономикасы оң динамиканы үзбей көрсетіп келеді. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім өсіп, жылдық мәнде 4,2% болды. Тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, жалпы ішкі өнімнің өсуі 5,4% деңгейінде бағаланады.

Өсуге негіз болған басты драйвер – шикізатқа жатпайтын сектор. Жоғары өсу қарқыны құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік және сауда салаларында байқалады. Ауыл шаруашылығы мен байланыс қызметінде де оң динамика сақталып отыр.

Дегенмен, экономиканың жалпы өсіміне мұнай өндірісіндегі қысқару да әсер етіп отыр, оның көлемі 9 айда 8,3%-ке азайған. Яғни бұл факторды есепке алмағанның өзінде, жылдық өсім бұдан да жоғары болар еді.

Инвестициялық белсенділік жоғары. Қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға инвестиция – нақты мәнде 7%-ке, ал бюджет қаражатын қоспағанда, шикізаттық емес секторға 25%-ке өсті. Күрделі салымдардың жоғары өсу қарқыны өңдеу өнеркәсібі мен энергетика саласында байқалады.

Ішкі сұраныста оң динамика сақталып отыр. Қаңтар-қыркүйек айларында бөлшек сауданың нақты өсімі
4,5% болды.

Тұтынушылық кредиттеу тұрақтанды. Тамыз айында тұтыну кредиттерінің жылдық өсу қарқыны 10,4% болды.

Жалпы алғанда, тұтынушылық сұраныс біртіндеп қалыпқа келе бастағаны байқалады. Бұл бағаны одан әрі төмендетуге қолайлы жағдай жасайды. Сонымен бірге, мемлекеттік және квазифискалдық бағдарламалар есебінен қолдау тауып отырған жоғары инвестициялық белсенділік жиынтық сұранысты үздіксіз ынталандырып отыр. Бұл сұраныстың отандық экономиканың мүмкіндіктерінен асып түсу тәуекелін күшейтеді.

ҮШІНШІ. СЫРТҚЫ ОРТА ФАКТОРЛАРЫ.

Сыртқы проинфляциялық тәуекелдер күшейді. Таяу Шығыстағы шиеленістің тоқтамауы әлемде инфляциялық қысымды күшейтіп, тауар мен қаржы нарықтарындағы құбылмалылықты еселеп тұр. Осы жағдайда Еуропа Орталық банкі мен Федералды резерв жүйесін қоса алғанда, бірқатар жетекші орталық банктер ақша-кредит саясатын қатаңдатуға көшті.

Азық-түліктің әлемдік бағасы өсіп келеді. Қыркүйек айында ФАО азық-түлік бағасының индексі бір айда
1,5%-ке және жылдық мәнде 5,8%-ке өсті. Астық, өсімдік майы мен қант бағасының да өскені байқалды. Ал еттің әлемдік бағасы біршама төмендеді.

Қыркүйекте Ресейдегі инфляция 6,4% болды. Ресей Банкі орнықты инфляциялық қысым күшейгенін атап өтті. Осы жағдайда реттеуші қыркүйек айында ақша-кредит саясатын іске асыруда сақтықты ұстанып, негізгі мөлшерлемені 14% деңгейінде қалдырды.

Еуроодақта инфляция қыркүйек айында энергия көздеріне баға өскен тұста 3,8%-ке дейін жеделдеді. Инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты Еуропа Орталық банкі қыркүйек айында пайыздық мөлшерлемені 25 базалық тармаққа көтеріп, инфляцияны 2% нысаналы дәлізге қайтару керек деген ұстанымын растады.

АҚШ-та да инфляция 3,7%-ке дейін жеделдеді. Энергия көздері, соның ішінде ең алдымен бензин бағасының өсуі айтарлықтай үлес қосты. Қыркүйекте АҚШ Федералды резервтік жүйесі инфляциялық қысымды одан әрі тежеу қажет екенін атап өтіп, мөлшерлемені 25 базалық тармаққа көтерді.

Әлемдік мұнай нарығында жағдай белгісіз күйде қалып отыр. Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 100 АҚШ долларынан жоғары деңгейде қалыптасты. 

Құрметті журналистер!

Жылдық инфляция 12 ай көлемінде біртіндеп баяулап келеді. Инфляциялық күтулер төмендеп, тұтынушылық белсенділік қалыпқа келе бастады. Осының бәрі қабылданып жатқан шаралардың нәтиже бергенін көрсетеді.

Әрине, қол жеткізген оң үрдісті бекемдей түсу қажет. Динамиканың жақсарғанына қарамастан, инфляция межелі деңгейден жоғары болып отыр, ал тәуекелдер балансы проинфляциялық бағытқа ауып тұр.

Фискалдық және квазифискалдық саясаттың параметрлері, реттелетін бағалардың динамикасы, сондай-ақ сыртқы факторлар, ең алдымен, әлемдік сауда және қаржы нарықтарындағы жағдай ерекше назар аударуды талап етеді.

Реттелетін тарифтер бойынша былтырғы төмен база әсерінен жыл соңына қарай жылдық инфляция сәл қарқын алуы мүмкін екеніне айрықша тоқталғым келеді.

Былтырғы қазаннан бастап коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий қолданылғанын еске сала кетейін, оның аясында 2025 жылғы 4-тоқсанда коммуналдық тарифтер 14%-ке төмендеді. Сөйтіп «төмен база» қалыптасты. Бұл бүгінгі бағаны былтырғы мәндермен салыстырғанда статистикалық тұрғыдан көрсеткіштердің жоғары екенін білдіреді. Осылайша жақын айларда жылдық инфляция статистикалық мәнде қарқын алуы мүмкін.

Алайда Ұлттық Банк реттелетін бағалар реформасының тікелей әсеріне базалық мөлшерлемені көтерумен жауап қатпайды. Бұл ретте жанама әсерлер мұқият қадағаланып, олар байқалған жағдайда тиісті шаралар қабылдаймыз.

Қазіргі тәуекелдер балансын ескерсек, базалық мөлшерлемені 2026 жылдың соңына дейін өзгерту ықтималдығы төмен.

Әрбір кейінгі шешім макроэкономикалық деректер, дезинфляциялық процестердің тұрақтылығын бағалау, инфляциялық күтулер динамикасы және тәуекелдер балансы негізінде қабылданады.

Біз ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізуді, жанар-жағармай және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтері нарығындағы жағдайды, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандыру ауқымын бағалауды жалғастыратын боламыз.

Ақша-кредит саясатын жүргізуде сақтық шараларын негізге аламыз. Біздің міндетіміз – бағаның өсуін уақытша бәсеңдету емес, 2027 жылы инфляцияны 6,5-8,5% дәлізіне дейін орнықты түрде төмендетіп, 2028 жылы 5%-тік мақсаттық деңгейге жеткізу.

Ұлттық Банк пайыздық саясаттан бөлек, артық өтімділікті қысқарту бойынша қосымша құралдарды, оның ішінде минималды резервтік талаптар мен теңестіру операцияларын қолдануды жалғастырады. Олар ақша-кредит саясатының трансмиссиясын күшейтіп, оның жалпы тиімділігін арттырады.

Сөзімді қорытындылай келе, біз баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге басымдық беретінімізді атап өтемін. Өйткені төмен әрі болжамды инфляция ғана экономиканың ұзақмерзімді өсіміне және ең бастысы, халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалайды.

Назарларыңызға рақмет!

Жоғарыға