1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Жыл сайынғы кездесулеріне қатысқан Ұлттық Банктің қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкінің делегациясы Таиландта өткен Халықаралық валюта қоры (бұдан әрі – ХВҚ) мен Дүниежүзілік банк тобының Жыл сайынғы кездесулеріне қатысты.

Қазақстандық тарап Швейцария кіші тобының отырысына, сондай-ақ Таяу Шығыс, Кавказ және Орталық Азия елдерінің орталық банк басшыларының, қаржы және экономика министрлерінің қатысуымен өткен ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің бірқатар кездесуі мен іс-шараларына қатысты. Оның барысында жаһандық экономиканың күн тәртібі, аймақтың экономикалық перспективалары, сыртқы сын-қатерге төзімділікті қамтамасыз ету және макроэкономикалық тұрақтылықты қолдау мәселелері талқыланды.

Тимур Сүлейменов ХВҚ Басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесіп, Ұлттық Банк пен ХВҚ арасындағы Келісім хатына қол қойылды. Ол құжат Алматы қаласында орналасқан Кавказ, Орталық Азия елдері мен Моңғолияға арналған Өңірлік әлеуетті дамыту орталығының 2027-2032 жылдардағы қызметін дамытуды көздейді. Орталықтың қызметі Қазақстан мен аймақтағы елдердің экономикалық институттарын нығайтуға, ақша-кредит және бюджет саясатын, қаржылық реттеуді және макроэкономикалық статистиканы жетілдіруге бағытталған.

Тимур Сүлейменов пен Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша Вице-президенті Антонелла Бассанимен кездесуі кезінде Қазақстан қаржы жүйесінің орнықтылығын симуляциялық сынақтан өткізуге Дүниежүзілік банк тарапынан консультациялық қолдау көрсету туралы келісім жасалды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің Президенті Одиль Рено-Бассомен келіссөздер аясында капитал нарығын дамыту және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы жетілдіру бойынша техникалық ынтымақтастық жобалары қаралды.

Швейцария Ұлттық банкінің Төрағасы Мартин Шлегельмен кездесуде ақша-кредит саясаты, сарапшылық біліммен алмасу және Швейцария кіші тобының талдау жұмыстарына Қазақстанның қатысуын кеңейту мәселелері талқыланды.

Тимур Сүлейменовтің Венгрия Орталық банкінің Төрағасы Михай Варгамен кездесу қорытындысы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат қаржылық тұрақтылық, цифрлық валюта, төлем жүйелері, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Кездесу кезінде блоктардың бірі Қазақстанның капитал нарығын халықаралық қаржылық инфрақұрылымға интеграциялауға арналды. Euroclear тобының бас атқарушы директоры Валери Урбейнмен келіссөздер барысында Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына тікелей қолжетімділік беру мәселесі талқыланды. Clearstream басшылығымен кездесуде қазақстандық эмитенттердің халықаралық клирингтік инфрақұрылымға шығу жолдарын кеңейту мәселесіне айрықша назар аударылды. Осы бастамаларды іске асыру қазақстандық капитал нарығының халықаралық инфрақұрылымын дамытуға, оның шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға және шетелдік портфельдік инвестициялар ағынын ұлғайтуға ықпал етеді.

Ұлттық Банк делегациясының J.P. Morgan Index Team командасымен өткізген кездесуінде Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына (МБҚ) берілген Index Watch-Positive мәртебесі қаншалықты маңызды екені айтылып, оларды алдағы уақытта GBI-EM дамушы нарықтардағы мемлекеттік бағалы қағаздардың халықаралық индексіне қосу бойынша бірлескен іс-қимылдарды талқылады.

Инвестициялық дөңгелек үстелдер мен Citi, J.P. Morgan, BlackRock, Deutsche Bank, Bank of America және Jefferies өкілдерімен кездесулер аясында делегация Қазақстанның макроэкономикалық перспективаларын, инфляцияны төмендету бойынша шараларды және қаржы нарығындағы реформаларды таныстырды.

Халықаралық инвесторлардың Alatau City сияқты қазақстандық жобаларға қатысуын кеңейту, токендеу, компанияларды қаржыландыруды дамыту және активтерді басқару ісін жетілдіру мүмкіндіктері өз алдына бөлек талқыланды.

Moody’s, S&P Global Ratings және Fitch Ratings секілді халықаралық рейтинг агенттіктерімен өткен кездесуде Қазақстанның суверенді төлем қабілетіне тән факторлар, соның ішінде экономикалық өсім перспективалары, мемлекеттік қаржының жай-күйі, халықаралық резервтер мен инфляциялық және сыртқы экономикалық сын-қатерлер қаралды. Ұлттық Банк Қазақстандағы макроэкономикалық жағдай, экономикадағы негізгі салаларды дамыту үрдістері, жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, халықаралық резервтердің жай-күйі және баға мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы ақпарат ұсынды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz

Жоғарыға