1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк «цифрлық сенімхат» туралы жалған хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілі жөнінде ескертеді

Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтықтың жаңа көп сатылы схемасы туралы ескертеді.

Теріс пиғылды адамдар қазақстандықтарға азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейдегі банктердің атынан «цифрлық сенімхат» немесе «кредит» ресімделгені туралы хабарлама жібереді.

Хабарламада алушының атына «цифрлық сенімхат» ресімделгені, оны үшінші тұлғалар пайдаланып жатқаны немесе кредит алуға өтінім мақұлданғаны айтылады. Мән-жайды анықтау үшін көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады.

Мұндай хабарламаның басты мақсаты – адамды үрейлендіріп, көрсетілген нөмірге қоңырау шалуға мәжбүрлеу. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар «сенімхатты жоюды», «кредиттік өтінімді бұғаттауды» немесе «ақшалай қаражатты қорғауды» ұсынады.

Кейін өздерін Ұлттық Банктің, арнайы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Олар азаматтың атына кредит ресімделгенін, компаниялар тіркелгенін, күдікті қаржы операциялары жүргізілгенін немесе ақша қаражатын жымқыру әрекеті жасалғанын хабарлайды.

Осындай әрекеттердің алдын алуды сылтауратып, олар СМС арқылы келген кодты айтуды, банк картасының деректемелерін беруді,  күмәнді мобильді қосымшаны орнатуды, ақшаны «қауіпсіз», «сақтық» немесе «жинақ» шотына аударуды не мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға рұқсат беруді талап етеді.

Ұлттық Банк банктердің, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері банк картасының деректемелерін, СМС арқылы келген кодтарды, карталар мен қосымшалардың PIN-кодтарын сұрамайтынын ескертеді. Сондай-ақ, ақшаны «қауіпсіз шоттарға» аударуды немесе мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаларды орнатуды да ұсынбайды.

Мұндай хабарламаны алған кезде көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалуға, күмәнді сілтемелерге өтуге және  белгісіз адамдардың нұсқауларын орындауға болмайды. Ақпаратты тексеру үшін тиісті банктің немесе азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің ресми байланыс орталығына хабарласу керек.

Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңыраулар шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақша қаражатын инвестициялық пай қорлары мен өзге де қаржы өнімдеріне инвестициялауды ұсынбайтынын, ақшалай қаражатты сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз.

Егер сіз алаяқтық әрекетке тап болсаңыз, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына арызбен жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық Банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдеріне мына телефон арқылы алуға болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға