Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама
Қыркүйек айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 440,49 теңгеге дейін 4,6%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 415 млн АҚШ долларынан 474 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 10,4 млрд АҚШ долларын құрады.
Қыркүйек айында биржа нарығында Ұлттық қордан 200 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Оның үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 1,9%-ын немесе күніне шамамен 9,5 млн АҚШ долларын құрады.
Ұлттық Банк қыркүйек айында Ұлттық қордан болжамды 200-300 млн АҚШ доллары көлемінде операцияларды теңестіруді жоспарлаған еді. Валюта нарығында ұсыныс көп болуына байланысты бұл операциялар кейінге қалдырылды. Оларды кейін іске асыру барысы нарықтағы ахуалға қарай шешіледі. Бұл ретте бағамның динамикасы іргелі факторларға сай қалыптасып, теңгенің күрт әрі алыпсатарлықпен келетін ауытқуына жол берілмейді.
Алтын сатып алу ісін теңестіру операциялары аясында қыркүйек айында шамамен 374 млрд теңге айналымнан алынды. 2026 жылғы IV тоқсан бойы алтын сатып алуды теңестіру операциялары аясында 907 млрд теңгедей балама сомаға шетел валютасын сату көзделіп отыр.
Ұлттық Банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ теңестіру тетігін іске асыру барысында нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды.
Ұлттық Банк қыркүйек айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.
БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде Ұлттық Банк зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін қыркүйек айында биржадағы сауда-саттықта 986 млн АҚШ доллары көлемінде шетел валютасын сатып алды. Ол жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 9,4%-ын құрайды. Алдағы шешімдерді қабылдау кезінде де зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы ахуал ескеріледі.
Ұлттық Банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты толық ашып көрсету саясатын жалғастырады. Қысқамерзімді келешекте теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz