1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шоты $2,4 млрд профицитпен қалыптасты

2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сектордағы жай-күйі туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың түсіндірмесі

Қазақстанның сыртқы сектордағы жай-күйі айтарлықтай жақсарды. 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша төлем балансының ағымдағы шоты $2,4 млрд профицитпен қалыптасты. 2025 жылы дәл осы кезеңде тапшылық (-)$3,6 млрд көлемінде тіркелген болатын. 2026 жылғы II тоқсанда профицит $3,2 млрд болды. Экспорт жоғары қарқынмен өсіп жатқан тұста сауда балансының айтарлықтай нығайған еді, жағдайдың жақсаруына осы фактор ықпал етті.

Төлем балансы бойынша экспорт сенімді әрі тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2026 жылғы бірінші жартыжылдықта ол 27,1%-ға өсіп, $48,5 миллиардқа жетті. Тауарлардың 80%-дан астам позициясында оң динамика байқалады. Экспорт көлемінің өсуіне Қазақстанның негізгі экспорттық тауарлары, оның ішінде мұнай, уран, металл, кен және астық бағасының әлемдік нарықта қымбаттағаны әсер етті.

Төлем балансы бойынша тауар импорты қалыпты қарқынмен 6,2%-ға өсіп, $32,3 млрд болды. Өсім негізінен өндірістік сипатқа ие болып, елдегі жобаларды іске асыруға және өндірістік әлеуетті дамытуға ықпал ететін аралық (+13,8%) және инвестициялық (+7,9%) тауарлар импортының ұлғаюымен байланысты болды.

Сонымен қатар, азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларының импорты төмендеу үрдісін жалғастырды (11,2%). Бұл, ең алдымен, автомобиль, киім-кешек және аяқкиім импортының азаюына байланысты еді. Мұндай динамика жылдық мәнде 2023 жылғы IV тоқсаннан бері сақталып келеді.

Жақсару көрсеткіші тек төлем балансында ғана емес, сонымен қатар елдің сыртқы активтері мен бейрезиденттер алдындағы міндеттемелері арасындағы айырманы көрсететін халықаралық инвестициялық позиция (ХИП) бойынша да байқалады.

Тарихи тұрғыда Қазақстанның сыртқы міндеттемелері сыртқы активтерінен асады. Бұл көбіне бір бөлігі сыртқы борыш құрамында есепке алынатын тікелей шетелдік инвестициялардың ауқымды көлемде тартылуымен байланысты. Бұл ретте экономиканың ауқымына қатысты ХИП 2020 жылғы ЖІӨ-нің (-)42,1%-нан 2026 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің (-)11,3%-на дейін төмендеп, (-)$37,5 млрд құрады.

Мемлекеттік секторда ХИП нығайып келеді. ҚРҰБ халықаралық резервтерін есепке алғанда, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша мемлекеттің сыртқы активтері шамамен $130,8 млрд немесе ЖІӨ-нің 39,4% болды. Бұл ретте мемлекеттік сектордың сыртқы борыш жүктемесі төмен деңгейде қалып, $18,6 млрд немесе ЖІӨ-нің 5,6%-ын құрады. Осылайша, мемлекеттік сектордың сыртқы активтері міндеттемелерінен $112,2 млрд немесе ЖІӨ-нің 33,8%-на артық болды.

Орныққан сыртқы позиция Қазақстанның инвестициялық рейтингінің негізгі тірегінің бірі саналады. Сыртқы сектордағы негізгі көрсеткіштердің дәйекті түрде жақсаруы елдің сыртқы тұрақтылық қорын нығайтады.

Жалпы алғанда, сыртқы борыш абсолюттік мәнде аздап өскеніне қарамастан, экономиканың ауқымына қарай салыстырмалы түрде төмендеу үрдісін жалғастырып отырғанын атап өткім келеді. Жыл басынан бері оның ЖІӨ-ге қатынасы 3,3 пайыздық тармаққа қысқарып, 56,6% болды, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 119,1%-ға жеткен еді. Сыртқы борыштың ауқымды бөлігі фирмааралық берешекке тиесілі, ол тікелей шетелдік инвесторлар тарапынан экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыруды көрсетеді әрі еліміздің өндірістік әлеуетін дамытуға салынған капиталмен, құрал-жабдықпен және технологиялармен тікелей байланысты. 

Толығырақ – Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға