Ұлттық Банк төлем ұйымдары үшін реттеу және қадағалау саясатындағы негізгі өзгерістер жөнінде семинар өткізді
Ұлттық Банк Алматы қаласында төлем ұйымдары үшін реттеу және қадағалау саясатындағы негізгі өзгерістерге арналған жыл сайынғы семинар өткізді. Оған төлем ұйымдарының 80-ге жуық өкілі қатысты.
Семинарда төлем қызметі нарығының даму барысын талдау нәтижелеріне, соңғы заңнамалық өзгерістерге, оның ішінде заңсыз қызметке қарсы іс-қимыл шараларын және ішкі бақылау талаптарын жетілдіруге бағытталған өзгерістер ұсынылды. Нарыққа қатысушылардың жаңа санаты – бірінші санаттағы төлем ұйымдарына, сондай-ақ олардың қызметіне қойылатын негізгі талаптарға айрықша көңіл бөлінді. Қатысушылар Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту жайын талқылады. Атап айтқанда, Ұлттық антифрод-орталықтың және Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының жұмыс істеу қағидаттары мен қолданыстағы сервистері туралы айтылды.
Ұлттық Банк төлем ұйымдарының есептілігіне жүргізілген талдау нәтижелерін жариялап, талдау құралдарын жетілдіру және SupTech-платформасын енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Нарық қатысушыларымен бірге қадағалау шаралары мен статистикалық деректерді, соның ішінде трансшекаралық операцияларды зерделеу кезінде анықталған негізгі тәуекелдер қаралды. Жиын қорытындысы бойынша бақылауды күшейту, тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру және Ұлттық Банкпен арадағы байланысты кеңейту жөнінде ұсынымдар берілді.
Төлем ұйымдары қауымдастығының өкілдері бірлестіктің жұмысы туралы, атап айтқанда, Түркі мемлекеттерінің финтех альянсы аясындағы қызметі жөнінде баяндап, реттеушімен тиімді байланыс орнағанын атап өтті.
Семинар қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар әзірленіп, сенімді комплаенс-бақылау, тәуекелдерді тиімді басқару және бизнес-процестерді оңтайландыру – төлем қызметі нарығының орнықты дамуы мен тұтынушының сенімін арттыруда басты шарт болатыны айтылды.
Толығырақ ақпаратты телефон арқылы алуға болады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz