1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк халықаралық инвесторларға Қазақстанның макроэкономикалық келешегі мен капитал нарығын дамытудағы басым бағыттарды таныстырды

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Лондонда дамушы нарықтардың экономикалық келешегі мен инвестициялық мүмкіндіктеріне арналған J.P. Morgan-ның «Emerging and Frontier Markets Opportunities» халықаралық конференциясына қатысты.

Ұлттық Банк конференцияға қатыса отырып, халықаралық инвесторлармен арадағы диалогты кеңейтуге және олардың Қазақстанның экономикалық саясаты туралы хабардар болуына атсалысты. Бұл жұмыс инвестициялық ахуалды жақсарту, ұзақмерзімді капитал тарту және экономиканы қаржыландыру көздерін әртараптандыру бойынша басымдықтарға сәйкес келеді.

«Қазақстан: инфляцияның төмендеу үрдісіндегі тұрақтылық» атты жеке сессия аясында А. Баймағамбетов макроэкономикалық болжам мен Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын жүргізу тәсілдерін таныстырды. Экономиканың өсіміне әсер еткен факторлар, инфляция динамикасы мен оны 5% нысаналы деңгейге дейін тұрақты төмендетуге бағытталған шаралар баяндалды. Экономикалық ортаны болжамды етудің маңызды шарты ретінде қабылданатын шешімдердің ашықтығына және нарық қатысушыларының негізді күтулерін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Баяндаманың жеке бөлігі капитал нарығын дамытуға және институционалдық инвесторлардың мүмкіндігін кеңейтуге арналды. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру шаралары, оның ішінде ҚР Қаржы министрлігімен бірлесіп бастапқы дилерлер жүйесін іске қосу, есеп айырысу инфрақұрылымын жетілдіру және халықаралық клирингтік жүйелермен өзара іс-қимыл мәселелері таныстырылды. Инвесторлар аясын кеңейту, қаржы құралдарын дамыту және инвесторлардың құқығын қорғауды күшейту бағыттары да белгіленді.

Сондай-ақ, қазақстандық қарыз нарығына әжептәуір қызығушылық танытатын 50-ге жуық ірі халықаралық инвестициялық қорлар мен компаниялардың өкілдерімен екіжақты бірқатар кездесу өтті, атап айтқанда, J. P. Morgan Asset Management, Goldman Sachs Asset Management, Allianz Global Investors, Pictet Asset Management, T. Rowe Price, HSBC Global Asset Management, Qatar Investment Authority және т.б. бар.

Халықаралық инвестициялық қоғамдастықпен арадағы өзара жүйелі іс-қимыл Қазақстан нарығына деген сенімді нығайтуға және шетелдік инвесторлар аясын кеңейтуге бағытталған. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, саясаттың ашықтығы мен қолжетімді әрі өтімді капитал нарығын дамыту ел экономикасына ұзақмерзімді инвестиция тартуға жағдай жасайды.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға