1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банк пен Binance Investments Co. Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Ұлттық Банк пен халықаралық Binance компаниясы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсіміне Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов пен компанияның негізін қалаушы Чанпэн Чжао қатысты.

Меморандумға Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов пен Binance жаһандық кеңсесінің өңірлік даму және операциялық қызмет жөніндегі басшысы Кирилл Хомяков қол қойды.

Меморандум тараптардың Қазақстанда Binance тобының Орталық Азия, ТМД және Шығыс Еуропа елдеріндегі клиенттеріне халықаралық төлемдер мен ақша аударымдарына, оның ішінде Binance жаһандық тобы клиенттерінің цифрлық активтермен жасалатын операциялары бойынша есеп айырысуларына қызмет көрсетуге бағытталған өңірлік есеп айырысу хабын бірлесіп дамыту ниетін бекітеді.

Бұл бағыттағы бизнесті Қазақстанда дамыту цифрлық активтердің айналымын реттеу және қаржы нарығының жаңа субъектісі – бірінші санаттағы төлем ұйымын енгізу бойынша жүргізілген маңызды заңнамалық реформалардың нәтижесінде мүмкін болды. Аталған өзгерістер қаржы нарығындағы бәсекелестікті дамытуға, оның ішінде жаһандық компаниялардың қатысу аясын кеңейтуге, сондай-ақ банктік қызметтермен қатар төлем және қаржылық қызметтердің жаңа инновациялық түрлерін дамытуға қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады. Жаңа реттеу аясында жобаны іске асыруға кіріскен алғашқы жаһандық компаниялардың бірі Binance болды.

Жоба аясында Қазақстанда Binance тобының тиісті ұйымын және бірінші санаттағы төлем ұйымының қызметін жүзеге асыруға арналған Ұлттық Банктің лицензиясын ала отырып қажетті инфрақұрылымды құру жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру Binance тобының өңірлік операцияларының бір бөлігін Қазақстанға көшіруге және өңірдегі клиенттердің елеулі бөлігіне қазақстандық юрисдикция арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық технологиялық құзыреттерді тартуға, цифрлық қаржылық қызметтер саласындағы елдің экспорттық әлеуетін ашуға және цифрлық қаржылық технологиялардың өңірлік орталығы ретінде Қазақстанның позициясын нығайтуға жағдай жасайды.

Меморандумға қол қою Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымын дамытуда практикалық қадам саналады әрі елді жаһандық цифрлық қаржы инфрақұрылымына интеграциялау бағытында Ұлттық Банктің жүйелі жұмысы жалғасып жатқанын білдіреді.

Толық ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға