Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама
Тамыз айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 461,57 теңгеге дейін 2,6%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 389 млн АҚШ долларынан 415 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,7 млрд АҚШ долларын құрады.
Биржа нарығында Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі тамыз айында 200 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 2,3%-ын немесе күніне шамамен 9,5 млн АҚШ долларын құрады.
Қыркүйек айынан бастап Ұлттық Банк Ұлттық қормен операцияларды ішкі валюта нарығында да теңестіру тетігін іске асыруға кіріседі. Осы тетік аясында қыркүйек айында бұрын сатып алынған шетел валютасының сату көлемі 200 млн АҚШ долларынан бастап 300 млн АҚШ долларына дейінгі көлемді құрайды.
Тамыз айында алтын сатып алуды теңестіру операциялары аясында шамамен 374 млрд теңге айналымнан алынды. Қыркүйек ішінде осы мақсатта 374 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтіледі.
Ұлттық Банк Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ теңестіру тетігін іске асыру барысында нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайды.
Ұлттық Банк тамыз айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Ұлттық Банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валютадағы үлесін ұстап тұру мақсатында тамыз айында биржадағы сауда-саттықта жалпы сомасы 721 млн АҚШ долларын немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 8,3%-ын құраған шетел валютасын сатып алды. Алдағы шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы ахуалды ескере отырып қабылданады.
Ұлттық Банк ашық болу қағидаты аясында валюта нарығындағы барлық операция туралы ақпаратты алдағы уақытта да толық жариялап отырады. Қысқамерзімді келешекте теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты қалыптасады. Ұлттық Банк қаржылық теңгерімсіздікке жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz