Банктер арасындағы сауалнама: бизнес тарапынан несиеге сұраныс артып келеді
ҚҰБ Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаменті директорының м.а. Динара Тазетдинованың түсіндірмесі
Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу
2026 жылғы II тоқсанда ірі және орта бизнес тарапынан кредитке сұраныс артты. Ал шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерінің кредиттік белсенділігі өзгеріссіз қалды.
Маусымдық белсенділік артып, клиент тарту жұмыстары күшейгендіктен, бірқатар банк ірі бизнес тарапынан несиеге сұраныс өскенін атап өтті. Бұл сегментте банктер «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ тобының жобаларын қайта қаржыландыру бойынша жұмысты және Аграрлық кредит корпорация желісі арқылы агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыруды жалғастырып келеді. Жекелеген банктер нақты сектордағы кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, валюталық қорландыру көлемін ұлғайтты. Бұл ретте ірі бизнес субъектілерінен түскен кредиттік өтінім саны тоқсандық мәнде 1%-ға (т/т) азайып – 235, ал олардың орташа сомасы 39%-ға төмендеп – 11,5 млрд теңге болды. Бірқатар банкте сұраныс өскеніне қарамастан, жекелеген ірі банкте өтінім саны мен олардың орташа сомасының төмендегені жүйе бойынша жалпы өсімді ішінара тежеді.
Орта бизнес сегментінде де кредитке сұраныс өсті. Себебі өңірлерде банктердің қызметі жанданып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жекелеген бағыттарды қаржыландыру көзі артты. «Даму» қорының кепілдік беру бағдарламасы мен ауыл шаруашылығы саласын қолдау тетіктері де бұрынғыша белсенді қолданыста. Шағын және микрокәсіпкерлік сегментінде кредитке сұраныс тұрақты деңгейде қалып отыр. Банктер кредит өнімдерін дамыту үшін сату арналарын кеңейтіп, кредиттеу мерзімі мен лимитін ұлғайта бастады. Қарыз алушыларды бағалау тәсілдері де жетіле түсіп, өтінім қарау мерзімін қысқартуға көшті. Орта бизнестен келіп түскен өтінім саны 4%-ға (т/т) өсіп, 5,3 мыңға жетті, ал олардың орташа сомасы 3%-ға (т/т) ұлғайып, 927 млн теңге болды. Шағын бизнес бойынша өтінім саны 1%-ға (т/т) аздап төмендеп, 904 мың болса, өтінімдердің орташа сомасы 8%-ға қысқарып, 22,8 млн теңгеге дейін төмендеді.
Ірі бизнес сегментінде кредиттерді мақұлдау деңгейі 10 п.п.-ға (т/т) өсіп, 65%-ды құрады. Бұған негізінен алдыңғы кезеңдерде түскен өтінімдердің осы кезеңде қаралуы әсер етті. Орта бизнес сегментінде мақұлданған өтінімдердің үлесі 2 п.п.-ға өсіп, 39%-ға жетті, ал шағын бизнес бойынша бұл көрсеткіш 1 п.п.-ға төмендеп, 33% болды.
2026 жылғы III тоқсанда банктер ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныс артады деп күтеді. Бұған нарықта бар әлеуетті жобалар мен банктердің осы сегменттегі жұмысын күшейте түскені ықпал етеді.
Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автонесие
2026 жылғы II тоқсанның қорытындысы бойынша банктер бөлшек несиелеу өнімдерінің барлық түріне сұраныс көбейгенін атап өтті.
Мемлекеттік және өңірлік тұрғын үй бағдарламаларының іске асырылуына және жекелеген банктердің ипотекалық өнімдерді қайта іске қосуына байланысты ипотекалық қарыздарға сұраныс өсті. Өтінім саны 19%-ға (т/т) артып, 228 мыңды құраса, олардың орташа мөлшері 5%-ға өсіп, 21,5 млн теңгеге жетті.
Кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға сұраныс күшейді. Себебі оған жаңа онлайн-өнімдер іске қосылып, сыйақы мөлшерлемелері төмендегені және маркетингтік іс-шаралардың өткізілгені ықпал етті. Бірақ кейбір банктердің белсенділігі төмендегендіктен, өтінім саны 18%-ға (т/т) азайып, 85 мың болды. Ал олардың орташа мөлшері 27%-ға өсіп, 17,7 млн теңгеге жетті.
Жалақыға қатысты жобалардың көбеюіне, қайта қаржыландыру бағдарламаларының іске қосылуына және маркетингтік акциялардың өткізілуіне, сондай-ақ кейбір банктің скорингтік талаптарды жеңілдетуіне байланысты кепілсіз тұтынушылық қарыздарға сұраныс өсті. Өтінімдердің жалпы саны іс жүзінде бұрынғы деңгейде қалып, 15,9 млн болды, ал олардың орташа мөлшері 10%-ға (т/т) өсіп, 1 млн 062 мың теңгеге дейін жетті.
Автонесиеге де сұраныс артты. Оған автосалондардың жеңілдік ұсынуы, субсидияланған сыйақы мөлшерлемелері бар бағдарламалардың іске асырылуы және банктердің ресми дилерлермен арадағы ынтымақтастық аясының кеңеюі себеп болды. Өтінімдер саны 20%-ға (т/т) артып, 1,5 млн болды, ал олардың орташа мөлшері 3%-ға төмендеп, 7 млн теңгеге дейін азайды.
Мақұлдау коэффициенттері бөлшек несиелеудің барлық дерлік түрінде: ипотекалық қарыздар бойынша 10 п.п.-ға (т/т) – 33%-ға дейін, кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздар бойынша 14 п.п.-ға – 31%-ға дейін, кепілсіз қарыздар бойынша 1 п.п.-ға – 33%-ға дейін, автонесие бойынша 3 п.п.-ға – 18%-ға дейін өсті.
2026 жылғы III тоқсанда банктер ипотекалық қарыздар мен автонесиеге сұраныс өседі, кепілмен қамтамасыз етілген тұтынушылық қарыздарға деген сұраныс бұрынғы деңгейде сақталады және кепілсіз қарыздарға сұраныс бірқалыпты төмендейді деп күтеді.
2026 жылғы II тоқсанда кредиттеу бойынша банктер арасындағы сауалнамаға екінші деңгейлі 21 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы несие ресурстарына сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалау үшін тоқсан сайын жүргізіп тұрады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz