Ұлттық Банк Ипотекалық тұрғын үй заемдарын қайта қаржыландыру бағдарламасының мәселелері бойынша қоғамдық бірлестіктермен кездесу өткізді
Ұлттық Банк Төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық бірлестіктердің басшыларымен кездесу өткізді. Жиынға қатысушылар өмірлік қиын жағдайға тап болған ипотекалық қарыз алушыларды қолдау шараларын одан әрі іске асыру мәселесін талқылады.
Ипотекалық тұрғын үй заемдарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) 2015 жылдан бастап іске қосылып, 2004 – 2009 жылдар аралығында теңгемен және шетел валютасымен қарыз алған, сондай-ақ 2016 жылға дейін шетел валютасымен қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын ипотекалық қарыз алушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған.
Бағдарлама қолданыста болған кезеңде екінші деңгейлі банктер арқылы шамамен 440 млрд теңгеге 41 мың азаматқа көмек көрсетілді. Бұл өз кезегінде азаматтарға жалғыз баспанасын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері Бағдарламаны іске асыру мерзімін, қолдау көрсету өлшемшарты мен қаржыландыру талаптарын қамтитын шараларды одан әрі іске асыру бойынша бірқатар ұсыныс енгізді.
Реттеушілердің өкілдері Бағдарламаның қолданыстағы шарттарын, оны басқару тәртібі мен қарыз алушылардың өтініштерін қарау тетігін түсіндірді.
Кездесу қорытындысы бойынша реттеушілер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері Бағдарлама талаптарына сәйкес келетін және жалғыз баспанасын сақтап қалуға мұқтаж қарыз алушыларды қамту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz