1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банкте ҚР Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңесінің отырысы өтті

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қаржылық тұрақтылық жөніндегі кеңестің (бұдан әрі – Кеңес) кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысына ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев және «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров қатысты.

Кеңес Ұлттық Банк дайындаған 2025 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есептің (бұдан әрі – Есеп) негізгі тұжырымдарын қарады. 

Есепте қаржы жүйесінің орнықтылығын анықтайтын жүйелік тәуекелдер мен факторларды кешенді талдау нәтижелері берілген. Жалпы алғанда, 2025 жылы макроэкономикалық жағдайдың қаржы секторы үшін айтарлықтай қолайлы болғаны көрсетілді. Сонымен қатар, макрофискалдық блокқа ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, салық реформасының нәтижелерін талдау, фискалдық қорды сақтау және негізгі мемлекеттік бастамаларды қаржыландыру үшін фискалдық қағидаларды қатаң сақтау қажеттілігі атап көрсетілді. 

Банк секторының орнықтылығы капиталдың, өтімділігі жоғары активтердің елеулі қорына, орнықты қорландыру базасына және депозиттерді долларландыру деңгейінің төмендеуі аясында шектеулі валюталық тәуекелдерге байланысты сақталды. Корпоративтік кредит портфелінің сапасы жоғары болып қалады, бұл ретте ірі бизнес берешегін долларландырудың біршама артқаны байқалады. Бөлшек кредиттеудің өсуіне кепілсіз тұтынушылық қарыздар түрткі болды, бұл ретте олардың өсу қарқыны тұрақты деңгейде сақталуда. Сонымен қатар, автокредит үлесі біртіндеп артып келеді. 

Кеңес қорытындысы бойынша пікірталас өтті, оның шеңберінде макрофискалдық тәуекелдерге мониторингті күшейту, оның ішінде ҚР Ұлттық қорының қаражатын макрофискалдық орнықтылықты қамтамасыз етудің негізгі элементі ретінде пайдалану бойынша бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды.

Кеңес халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға бағытталған шараларды да қарастырды. Халыққа берілетін кредиттер бойынша капиталдың секторлық контрциклдік буферін енгізуді, борыш жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде кірісті есептеу әдістемесін жетілдіруді, тұтынушылық кепілсіз банктік қарыздар мен кепілсіз микрокредиттердің ең жоғары сомасын белгілеуді, мерзімі өткен берешегі күнтізбелік 90 күннен асатын азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредиттер беруге тыйым салуды және басқа да шараларды іске асыруды қоса алғанда, бұрын қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынының бәсеңдегені байқалады.

Бөлшек кредиттеу нарығындағы жағдайға мониторинг жалғасады. Қарыз түрлері (автокредиттеу, ипотека, кепілсіз қарыздар) бойынша қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентіне (КБК) мониторинг жүргізіледі, сондай-ақ шекті мәндер белгіленбей, қарыз алушылардың жиынтық берешегіне мониторинг жалғасады. Қажет болғанда, бөлшек кредиттеу сегментінде тәуекелдер артқан жағдайда, Ұлттық Банк қарыздың жекелеген түрлері және жиынтық берешек бойынша КБК-нің сараланған шекті мәндерін белгілеу мәселесін қарауы мүмкін.

Кеңес жеке тұлғалардың проблемалық берешегін қайта құрылымдау және есептен шығару тетігін жетілдіру шараларын, банкроттық тетігін іске асыруды және басқаларын қоса алғанда, халыққа кредит беруге байланысты өзге де мәселелерді қарады.

Кеңес қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге жәрдемдесу үшін қаржы секторындағы өзекті мәселелерді талқылау бойынша өз жұмысын жалғастырады.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға