Цифрлық активтер саласын дамытудың жаңа кезеңіне көшу туралы
Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасында цифрлық активтер индустриясын ынталандыру және дамыту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжат елдегі цифрлық активтер индустриясын ынталандыруға және кешенді түрде дамытуға бағытталған. Жарлық салалық кешенді жаңғырту үшін бірінші кезектегі және жүйелі маңызы бар шараларды айқындайды. Ол капиталды ел ішінде шоғырландыру, отандық қаржы жүйесін дамыту, ұзақ мерзімді инвестициялар тарту және ұлттық цифрлық әрі есептік инфрақұрылымды нығайту үшін қолайлы құқықтық және экономикалық жағдай жасауға мүмкіндік беріп, Қазақстанға аймақтағы жетекші криптохаб мәртебесін бекітіп алуға жол ашады.
Жарлық отандық цифрлық активтер нарығының келесі даму кезеңіне қадам басқанын айқындайды. Осылайша, бұл бағыттағы жұмыстар жаңа индустрияның заңнамалық негізін қалау деңгейінен асып, жүйелі әрі инфрақұрылымдық жобаларды іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталады.
Цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесімен интеграциялау үшін Ұлттық Банкке, Үкіметке және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға кешенді әрі нәтижелі шараларды жүзеге асыру тапсырылды. Қазір осы жұмыстар аясында нақты қадамдар, орындалу мерзімдері мен жауапты мемлекеттік құрылымдар айқын көрсетілген криптоиндустрияны дамытудың ортамерзімді жоспары әзірленіп жатыр.
Бұдан бөлек, трансшекаралық есеп айырысулар мен ақша аударымдарын жүргізу үшін стейблкоинді қолдану тетіктерін енгізу, цифрлық активтер нарығында қызмет көрсететін провайдерлердің жұмысын кеңейту шаралары қолға алынады, сондай-ақ токенделген мемлекеттік облигацияларды шығару бойынша жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Сонымен қатар, орталықтандырылмаған қаржыны (DeFi) реттеудің заңнамалық тәсілдері айқындалып, Alatau City-дің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға және «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясымен өзара іс-қимылды тереңдетуге ерекше басымдық беріледі.
Цифрлық майнинг саласында дербес электр станцияларының қуатын іске қосуға айрықша ден қойылады. Ол елдің жалпы энергожүйесіне қосымша күш түсірмей, саланы тиімді дамытуға жол ашады.
Осы жүйелі қадамдар цифрлық активтерді құқықтық реттеу арқылы басталған ауқымды реформаның заңды жалғасы болады. Бұл реттеу жүйесі 1 мамырдан бастап күшіне еніп, аймақта тұңғыш кешенді нормативтік-құқықтық базаға айналған.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz