Ұлттық Банк қаржылық сауаттылық бойынша білім беру материалдарын әзірледі
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) халықтың қаржылық сауат деңгейін арттыру бойынша жобаны дамыту аясында білім беру материалдарының сериясы әзірленгенін хабарлайды.
Оқытатын және интерактивті контент мейілінше қалың көпшілікке қолжетімді болуы үшін ҚҰБ интернет-ресурсының «Қаржылық сауаттылық» атты жаңа бөлімінде орналастырылды.
Әртүрлі форматта әзірленген материалдар циклі азаматтардың заманауи білім беру құралдарына кеңінен әрі ыңғайлы қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған. Жоба халықтың қаржылық мәдениетін көтеруге және жауапты қаржылық дағдыны қалыптастыруға бағытталып отыр.
«Қаржылық сауаттылық» бөлімінде мынадай материалдар ұсынылған:
1. Халықтың қаржылық мәдениетін көтеруге бағытталған және инфляция, кредиттеу, бөліп төлеу, инвестициялау, қаржылық алаяқтық, қаржы пирамидалары, дербес деректерді қорғау тақырыптары мен басқа да қаржыға қатысты өзекті мәселелерді қамтитын қаржылық сауаттылық негіздері бойынша оқыту видеороликтері.
2. Мектеп оқушыларына арналған мультипликациялық бейнероликтер. Балаларға қаржылық сауаттылық негіздерін түсінікті тілде қызықты етіп таныстырады, жеке қаржыны басқару, бюджетті жоспарлау және қаражат жинау дағдыларын меңгеруге, сондай-ақ қаржы жүйесінің жұмыс істеу қағидаттарын түсінуге көмектеседі.
3. Интерактивті оқыту жобалары:
• «BarsIQ» аталатын қаржылық сауаттылық бойынша тренажер – практикалық тапсырмалар мен ойын түріндегі сценарийлер арқылы балалардың қаржылық ойлау қабілетін дамытатын білім беру ойыны;
• «Alatau City» оқыту симулятор ойыны – қатысушыларға практикалық тапсырмаларды шешу және виртуал қалада түрлі өмір жағдаяттарын модельдеу арқылы қаржылық сауаттылық негіздерін зерделеуге мүмкіндік беретін интерактивті білім беру платформасы.
Бұл материалдарды мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында оқу процесін және кластан тыс жұмысты ұйымдастыру кезінде қосымша білім беру құралы ретінде, сондай-ақ қаржылық сауаттылық мәселелерін өз бетінше зерделеу үшін пайдалануға болады.
Ұсынылған материалдарды сабақ үстінде де пайдалануға болады. Ол білім алушылардың қаржылық сауаты деңгейі мен қаржылық мәдениетін көтеруге септігін тигізіп қана қоймай, олардың бойында жауапты қаржылық мінез-құлық дағдыларын да қалыптастырады.
Анықтама үшін: Білім беру материалдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ бірлесіп әзірленді.
ҚҰБ 2025-2026 оқу жылында мектеп, колледж мұғалімдері мен оқушылардың қаржылық сауат деңгейін арттыру аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігімен және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығымен бірлесіп, «Жаһандық құзыреттілік» пен «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндерін оқытатын 9 378 педагогты сәтті оқытып шықты. ҚҰБ қызметкерлері интерактив құралдар мен практикалық кейстерді пайдалана отырып, оқу материалдары мен әдіснаманы әзірлеуден бастап педагогтарға арналған курстарды өткізуге дейінгі аралықта жобаның толық циклін қамтамасыз етті.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz