1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

P2P Financial Systems халықаралық конференциясының қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкінде цифрлық активтерді, қаржы жүйелеріндегі жасанды интеллектіні, реттеуді, қаржылық инфрақұрылымды және цифрлық нарықтардың жаңа модельдерін дамыту мәселелеріне арналған P2P Financial Systems халықаралық конференциясы аяқталды. Конференцияның бірлескен ұйымдастырушылары ретінде Exponential Science пен Kazakhstan Fintech Network қатысты.

Конференция орталық банктердің, реттеуші органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың, қаржы институттарының, финтех-компаниялардың және блокчейн индустриясының өкілдерін біріктірді. Іс-шара 30-дан астам елден 150-ге жуық қатысушының басын қосты.

Ғылыми бағдарлама аясында 32 зерттеу жұмысы ұсынылды. Іріктеу қорытындысы бойынша 9 финалист анықталып, олардың 5-еуі өз зерттеулерін офлайн форматта таныстыру үшін Қазақстанға келді. Бұл халықаралық академиялық және кәсіби қауымдастықтың Қазақстанға цифрлық қаржылық технологияларды практикалық дамыту мәселелері талқыланатын маңызды алаң ретінде қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетті.

Конференцияның негізгі тақырыптары цифрлық активтер, қаржы жүйелеріндегі жасанды интеллект, криптоиндустрияны реттеу, токенизация, цифрлық төлемдер, қаржылық қылмыстарға қарсы іс-қимыл, нарық инфрақұрылымын дамыту және жаңа қаржылық технологияларды енгізудің халықаралық тәжірибесі болды.

Іс-шара алаңында цифрлық қаржы активтері мен криптоиндустрия экожүйесін дамытуға арналған Қазақстан Ұлттық Банкі зерттеуінің аралық нәтижелері таныстырылды. Зерттеу аясында Ұлттық Банктің реттеуші сынақ алаңының нәтижелері, оның ішінде қолданыстағы жобалар картасы мен нарықты дамытудың негізгі бағыттары ұсынылды. Зерттеу Fintech & AI Center және Formula by Cointelegraph ұйымдарымен бірлесе жүргізіліп жатыр.

P2P Financial Systems конференциясының Қазақстанда өтуі қаржы жүйелерінің болашағы бойынша реттеушілер, ғылым және индустрия арасындағы халықаралық диалог алаңы ретіндегі рөлін нығайтуда маңызды қадам болды.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға