Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық Банкінің есебін қабылдады
Мемлекет басшысы реттеушінің 2025 жылы атқарған жұмысы мен 2026 жылға жасаған жоспары туралы Қазақстан Ұлттық Банкі басшылығының есебін тыңдады.
Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов қазіргі макроэкономикалық ахуал мен ақша-кредит саясатының басты нәтижелері, қаржы секторының, Ұлттық қордың активтері мен БЖЗҚ зейнетақы активтерінің, алтын-валюта резервтерінің жай-күйі, сондай-ақ қаржы жүйесінің цифрлық трансформациялануы туралы ақпарат ұсынды.
Жүргізілген ақша-кредит саясаты мен Үкімет қабылдаған шаралардың арқасында инфляция жыл қорытындысы бойынша 12,3%-ға дейін бәсеңдеді. 2026 жылы да инфляция баяулау үрдісін жалғастырып, мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4% болды. Ұлттық Банк инфляция деңгейін одан әрі төмендетуге бағытталған Үкіметпен арадағы кешенді жұмыстарды жалғастырады.
Еліміздің халықаралық резервтері, соның ішінде Ұлттық қордың активтері 129,3 млрд АҚШ долларына жетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері рекордтық деңгей көрсетті – 65,4 млрд АҚШ доллары. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 19,6 млрд долларға немесе 42,8%-ға көп.
Ұлттық қордың валютадағы активтері 5,1 млрд АҚШ долларына ұлғайып, 63,9 млрд долларға жетті. Ұлттық қордың 2025 жылғы инвестициялық кірісі 8,7 млрд АҚШ доллары немесе 15,1% болды.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферт көлемі – 5,25 трлн теңге. «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолдары мен «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырын салу сияқты стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым жобаларын іске асыру аясында ол жобалар басталғалы бері Ұлттық қордан 666 млрд теңге, соның ішінде 2025 жылы 91,2 млрд теңге бағытталды. Бөлінген қаражаттың қалай жұмсалып жатқанын бақылау үшін цифрлық теңге технологиясы қолданылды.
Ұлттық Банк басшылығы Мемлекет басшысына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің жай-күйі туралы да баяндады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 2,7 трлн теңгеге немесе 12%-ға өсіп, 25,1 трлн теңгеге жетті. Ал 2025 жылғы инвестициялық кіріс көлемі 1,8 трлн теңге болды.
Банк секторында да оң динамика байқалады. 2025 жылы депозит көлемі 16,3%-ға өсіп, 48 трлн теңгеге жетті. Теңгедегі салымдардан да, шетел валютасындағы салымдардан да өсім байқалады. Бұл халықтың ақшалай қор жинау белсенділігі артқанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, цифрландыру мен цифрлық жобаларды дамыту нәтижелері туралы да баяндалды. Атап айтқанда, 2025 жылы цифрлық активтерге арналған сынақ алаңы іске қосылды. Оның аясында нақты активтерді токендеу, ақшаға байланған стейблкоиндерді шығару, криптопровайдер мен крипто-фиат арнасының қызметін үйлестіру сияқты 30-дан астам пилоттық жоба іске асты. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап ұлттық криптоэкожүйені толыққанды дамытуға арналған заңнамалық және нормативтік-құқықтық негіз күшіне енді.
1 млрд АҚШ долларына дейін әлеуетті инвестиция құйылатын Ұлттық стратегиялық крипторезерв құрылды. Крипторезерв құру ісі еліміздің қаржылық дербестігін нығайтуға, сондай-ақ халықаралық резервтерді әртараптандырып, кірістілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан аймақта бірінші болып қауіпсіз биометрияны, банкаралық есеп айырысуды, қаржылық ақпарат алмасу жүйесін, цифрлық теңгені, алаяқтардан қорғау тетіктері мен заманауи цифрлық қызметтерді біріктіретін Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты.
Цифрлық теңгені мемлекеттің қаржы саласына енгізу бағытындағы Үкіметпен бірлескен жұмыстар да 2025 жылы жалғасты. Фермерлерге кредит пен субсидия беру, автомобиль жолдарын салу, салықты басқару және Ұлттық қордың қаражаты есебінен инфрақұрылым жобаларын іске асыру бағыттары бойынша жалпы құны шамамен 340 млрд цифрлық теңге болатын 30-дан астам жобаның жұмысы басталды. Мемлекеттік сатып алуларды, субсидиялар мен күрделі жобаларды қоса алғанда, 2026–2027 жылдары шамамен 1 трлн теңге көлеміндегі мемлекеттік шығыстарды цифрлық теңге базасында мақсатты жұмсау механизмімен қамту жоспарланып отыр.
Алаяқтыққа қарсы күрес саласында атқарылып жатқан жұмыстар да айтарлықтай нәтижелі болды. Ұлттық антифрод-орталықтың қызметі мен екінші деңгейлі банктер қабылдаған шаралардың арқасында 2025 жылдың басынан бері жалпы сомасы 68 млрд теңгеден астам алаяқтық операциялардың жолы кесілді. Ұлттық Банк орталыққа қосылған қатысушылар қатарын кеңейтіп, алаяқтықпен күрес шараларын бір жүйеге шоғырландыру арқылы Ұлттық антифрод-орталықты одан әрі дамыта береді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы инфляцияны тежеу мен қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі әрі үйлесімді саясатты әрі қарай жалғастыруға тапсырма берді. Сондай-ақ цифрлық қаржылық шешімдердің әлеуетін аша түсіп, қаржы нарығының заманауи инфрақұрылымын дамыту маңызды екенін атап өтті.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz