Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама
Мамыр айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 5,1%-ға әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 486,51 теңге деңгейінде қалыптасты. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 394 млн АҚШ долларынан 392 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,7 млрд АҚШ долларына жетті.
Мамыр айында республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан 500 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сатылды. Бұл ретте Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 7,5%-ын немесе күніне шамамен 29,4 млн АҚШ долларын көрсетті.
Күтілетін фискалдық түсімдерді және Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдерін ескере отырып, Ұлттық Банк маусым айында республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық қордан 200 млн АҚШ долларынан 300 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды жоспарлап отыр.
Мамыр айында «айналау» операциялары аясында шамамен 354 млрд теңге алынды. Маусым айында осы мақсатта 354 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтіледі.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру барысында Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады.
Мамыр айында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында сатылған валюта көлемі шамамен 410 млн АҚШ долларына бағаланды.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40%-дан төмен болуына байланысты Ұлттық Банк мамыр айында биржадағы сауда-саттық барысында шетел валютасын сатып алды. Мұндағы сатып алудың жалпы көлемі 878,5 млн АҚШ доллары деңгейінде немесе жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 13%-ы көлемінде болды. Алдағы шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтағы ахуал ескеріле отырып қабылданады.
Ашықтық қағидаты аясында Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді келешекте теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.
Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz