1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Макросауалнама: сарапшылар инфляция мен базалық мөлшерлеме траекториясы бойынша болжамдарын жақсартты

Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.

Brent маркалы мұнайдың бағасы, ЖІӨ, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды. 

Мұнай бағасы мен экономиканың өсімі

Мұнай бағасына қатысты сценарий шарттары барлық болжамды кезеңде жоғарыға қарай қайта қаралды. 2026 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы баррель үшін орта есеппен 86,1 АҚШ доллары деңгейінде күтіледі (бұған дейін – 80,0 АҚШ доллары), 2027 жылы – 75,0 АҚШ доллары (70,0 АҚШ доллары), 2028 жылы – 70,5 АҚШ доллары (70,0 АҚШ доллары).

Қазақстан экономикасының өсіміне қатысты болжамдар айтарлықтай өзгерген жоқ. Ортамерзімді кезеңде ЖІӨ өсімі біртіндеп әлеуетті деңгейге жақындайды деп күтіледі: 2026 жылы – 4,9%, 2027 жылы – 4,7%, 2028 жылы – 4,3%.

Инфляция және базалық мөлшерлеме

Ортамерзімді кезеңде респонденттердің инфляцияға қатысты күтулері біршама жақсарды. 2026 жылға арналған инфляцияға қатысты болжамдар медианасы 10,0% деңгейінде сақталды, ал 2027 және 2028 жылдарға арналған болжам тиісінше 8,0% және 6,8% деңгейіне дейін төмендеді (бұған дейін – 8,6% және 7,0%).

Базалық мөлшерлеме бойынша күтулер де қайта қаралды. 2026 жылы болжамдардың медианасы 16,0% болды (бұған дейін – 15,9%). 2027 және 2028 жылдарға арналған бағалаулар инфляцияға қатысты күтулердің жақсаруына байланысты тиісінше 12,8% және 10,6% деңгейіне дейін төмендеді (бұған дейін – 13,3% және 11,3%).

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің құрамы туралы

Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 16 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар мен рейтингтік агенттіктер кіреді.

Макроэкономикалық сауалнамада Ұлттық Банктің болжамдары қамтылмағанын ескертеміз. Онда нарықтағы кәсіби қатысушылардың Қазақстан мен әлемдік нарықтағы жағдайдың дамуына қатысты тәуелсіз пікірлері, бағалаулары мен күтулеріне шолу берілген.

Толығырақ Ұлттық Банктің интернет-ресурсында

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады: 
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға