Қаржылық сауат негіздерінен мектеп оқушылары арасында өткен алғашқы республикалық олимпиада аяқталды
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігімен және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, 9-11 (12) класс оқушылары арасында Қаржылық сауат негіздерінен алғашқы республикалық олимпиада өткізді.
Бұл бастама халықтың қаржылық сауатын көтеру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында ұйымдастырылды. Мектепішілік кезеңде ел көлемінде 3500 мектептен 46 мыңнан астам оқушы қатысып, олимпиадаға деген қызығушылық ойлағаннан да жоғары болды.
Аудандық және облыстық кезең қорытындысы бойынша 144 үздік оқушы финалға жолдама алып, Астанада өткен шешуші кезеңге қатысты. Жеңімпаздар алтын, күміс және қола медальдармен, дипломдармен, сондай-ақ басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қаржы нарығының үздік сарапшылары әзірлеген олимпиада тапсырмалары күнделікті өмірде кездесетін нақты жағдайларға барынша жақын. Олимпиадаға қатысушылар жеке бюджетті басқару, инвестиция негіздері және киберқауіпсіздікке байланысты тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ финалистердің құрметіне елордада білім және мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.
Осы олимпиададан бөлек Ұлттық Банк Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп 2025 жылғы қыркүйектен бері «жаһандық құзырет» пәні бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыратын ауқымды білім беру жобасын өткізіп келеді. Бастама қолға алынғалы бері оған еліміздің барлық өңіріндегі мектептер мен колледждерден 9 300-ден астам педагог қатысты. 2025 жылы 5 600 мұғалім білімін жетілдірсе, биылғы маусымға дейін тағы 3 700 педагог жобаға қатысты.
Жобаның мақсаты – педагогтердің экономика негіздері, қаржылық сауат және жеке деректер қауіпсіздігі саласындағы білімін арттырып, оны оқушыларға жеткізуіне қолдау көрсету.
Оқуды қаржы жүйесінде көп жылдық тәжірибесі бар мамандар, атап айтқанда, Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарының қызметкерлері арасынан іріктелген сарапшылар мен ұлттық «ӨРЛЕУ» біліктілікті арттыру орталығының сертификаты бар тренерлері өткізеді.
Бұдан бөлек, Ұлттық Банк оқушылардың қаржылық сауатын арттыруға арналған оқу материалдар, видеоролик, мультфильм, интерактивті тренажер мен ойын да әзірледі.
Ұлттық Банк қаржылық тұрғыдан саутты болуды кеңінен насихаттау бағытындағы жұмысын жалғастыра береді. Бастаманың мақсаты – қазақстандық жас буынның бойында жауапты қаржылық мінез-құлық дағдысын қалыптастыру. Ол қасиет олардың болашақ әл-ауқаты мен ел экономикасының орнықты дамуына берік негіз қалайды.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz