1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама

Сәуір айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 463,09 теңгеге дейін, яғни 3,1%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 372 млн АҚШ долларынан 394 млн АҚШ долларына дейін артты. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Сәуірде республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан 300 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 3,5%-ын немесе күніне орта есеппен 13,6 млн АҚШ долларын құрады.

Күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып және Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері негізінде Ұлттық Банк мамыр айында республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан 400 млн доллардан 500 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжайды.

Сәуірде «айналау» операциялары аясында шамамен 354 млрд теңге алынды. Мамыр айы бойы осы мақсатта 354 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтілуде.

Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады.

Сәуір айында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында валюта түсімін сату көлемі шамамен 273 млн АҚШ долларын құрады.

Зейнетақы жарналарының түсімі мен теңге бағамының нығаюына байланысты БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40%-дан төмен болды. Осыған орай Ұлттық Банк сәуірде биржадағы сауда-саттық арқылы 502 млн АҚШ долларына шетел валютасын сатып алды. Бұл – жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 5,8%-ы. Алдағы шешімдер де зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтық жағдайды ескере отырып қабылданады.

Ашықтық қағидатын ұстана отырып, Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялап тұрады. Қысқамерзімді келешекте теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайға байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

583.22 Кб
Жарияланған күні:
Жоғарыға