Ұлттық Банк өкілдері қаржы нарығының сарапшыларымен кездесті
Қазақстан Ұлттық Банкінде сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кезекті кездесу өтті. Жиынның мақсаты – ақша-кредит саясатының (бұдан әрі – АКС) қазіргі жағдайы мен базалық мөлшерлеме бойынша 24 сәуірде қабылданған шешімді талқылау. Ашық форматта өткен диалог кезінде жиынға қатысқандар өзара пікір алмасты.
Іс-шараға макроболжам жасайтын мамандар мен қаржы аналитиктері, экономистер мен Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері қатысты. Ұлттық Банк тарапынан ақша-кредит саясаты комитетінің мүшелері мен профильдік бөлімшелердің басшылары баяндама жасады. Олар қаржы нарығының жай-күйі мен экономикалық динамикаға әсер ететін басты факторларды қамтитын макроэкономикалық ахуалға жан-жақты жасаған талдауларын ұсынды.
«Қазір экономикада жаһандық деңгейде де, ел ішінде де көптеген үдеріс жүріп жатыр, қаржы секторында өзгеріс байқалады, технологиялық трендтер қарқынды дамып барады. Ел салық реформасына бейімделіп жатыр, күн тәртібінде цифрлық қаржылық активтер мен ақша-кредит саясаты тұр. Бұл бағыттың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Біз қаржы секторы, мемлекет қаржысы және жалпы экономика қандай мүмкіндік пен сын-қатерге бетпе-бет келіп отырғанын жақсы түсінеміз. Сондықтан бүгін бәрімізді толғандыратын мәселелерді талқылағымыз келеді», – деді Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов жиында сөйлеген сөзінде.
Кездесу кезінде экономикалық дамудың негізгі үрдістеріне, инфляцияның қазіргі динамикасына және орта мерзімдегі баға тұрақтылығына әсер етуі мүмкін сын-қатер сараланды. Сонымен қатар қатысушылар АКС құралдарын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды, алдағы кезеңде өрбуі мүмкін сценарийлерді, экономиканы және халықты кредиттеу мәселелерін, жалпы қаржылық тұрақтылыққа қатысты тақырыптарды талқылады.
24 сәуірде Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім жаңа макроэкономикалық болжамдарға, жаңартылған макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляциялық сын-қатерді бағалауға негізделді.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім 2026 жылғы 5 маусымда Астана уақытымен сағат 12.00-де жарияланады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон нөміріне хабарласып ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz