1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Нью-Йорк қаласында инвесторлар үшін Ұлттық Банктің арнайы сессия өткізгені туралы

21 сәуірде Нью-Йорк қаласында Ұлттық Банк ҚР АҚШ-тағы Елшілігімен бірлесіп «Investment Opportunities in Kazakhstan» инвестициялық сессиясын өткізді.

Іс-шара Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттырып, инвесторлар аясын кеңейтуге бағытталған. Бұл бастама Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген жаңа инвестициялық циклді іске қосу жөніндегі міндеттер контексінде жүзеге асырылды.

Әлемдегі ең ірі халықаралық қаржы орталықтарының бірінде инвесторлар үшін сессия өткізу – экономикалық байланыстарды нығайту мен халықаралық капиталды тарту жолындағы маңызды қадам. Бұл алаң әлемдік қаржы нарығының негізгі қатысушыларымен тікелей диалог орнатуға бірегей мүмкіндік берді. Іс-шараға 130-дан астам делегат – Citibank, Blackstone, JPMorgan Chase, Cerberus Capital Management, Vanguard Group, Ashmore, BlackRock, Apollo Global Management, Invesco және т.б. жетекші инвестициялық, қаржы институттары мен компаниялардың өкілдері қатысты.

Жиында Ұлттық Банк, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» ҰИХ, Қазақстан қор биржасы және «Alatau City Authority» мемлекеттік қорының басшылары спикер ретінде сөз сөйледі.

Жиын барысында экономика мен жүргізілген реформаларға кешенді макрошолу, қаржы секторы мен капитал нарығын дамытудағы қазіргі үрдістер, сондай-ақ Қазақстанның негізгі инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Төраға Т. Сүлейменов өз баяндамасында Қазақстанның экономикалық даму қарқыны тұрақты екеніне тоқталып, еліміздің әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына еніп үлгергенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ 306 млрд АҚШ долларына жетіп, өсу қарқыны жаһандық көрсеткіштерден айтарлықтай асты – 6,5%. Бұл ретте өсім құрылымында шикізаттық емес сектордың рөлі артып келеді, бұл экономикадағы жүйелі құрылымдық өзгерістердің нәтижесін көрсетеді.

Төраға Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығы  Ұлттық қорды қоса алғанда, 130 млрд АҚШ долларынан асатын қомақты резервтермен, сондай-ақ теңгерімді фискалдық саясатпен және мемлекеттік қарыздың төмен деңгейімен қамтамасыз етілетінін де атап өтті. Экономикалық саясаттың тиімді үйлестірілуі де тұрақтылықтың маңызды элементі саналады. Осы орайда Үкімет пен Ұлттық Банктің 2026–2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары іске асырылып жатыр. Ол нарықтағы тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ету үшін ақша-кредит, фискалдық және макропруденциалдық шараларды біртұтас жүйеге біріктіреді.

Сессия барысында инфрақұрылымды дамытуға қаржы тарту мәселесі өз алдына бөлек қаралды. 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар аясында көлік, энергетика және цифрлық шешімдерді дамытуға шамамен 80 млрд АҚШ долларын (немесе ЖІӨ-нің шамамен 27%-ы) бағыттау көзделген. Сондай-ақ Қазақстанның Орта дәлізді дамыту және транзиттік тасымал көлемін арттыру арқылы Еуразияның логистикалық хабы ретіндегі рөлін күшейтіп жатқаны айтылды.

Төраға өз сөзінде Digital Qazaqstan бағдарламасы аясында экономиканың цифрлық негізін нығайтуға, сондай-ақ ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту, оның тиімділігін арттыру және кибертөзімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берді. Елдегі транзакциялардың 90%-дан астамы қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылады, ал «цифрлық теңге» ашықтық пен тиімділікке кепілдік беретін қаржылық инфрақұрылымның жаңа деңгейі ретінде енгізіліп жатыр.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» басшылығы еліміздің ірі кәсіпорындарын қамтитын басқарудағы әртараптандырылған активтер портфеліне шолу жасап, олардың қаржылық көрсеткіштерін ұсынды. «Самұрық-Қазына» шамамен 88 млрд АҚШ доллары көлеміндегі активтерді басқарып, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік рейтингтерді сақтай отырып, тұрақты өсім көрсетіп отырғаны айтылды. Қазіргі уақытта «Самұрық-Қазынаның» 7 портфельдік компания акциялары қор нарығында айналымда бар, олардың жиынтық құны IPO өткізілген сәттен бастап 2,64 есе артқан.

«Бәйтерек» басшылығының сөзінде холдингтің активтері шамамен 36 млрд АҚШ долларын құрайтын және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қолдайтын негізгі даму институты ретіндегі рөлі атап өтілді. Инвесторларға 28 ұлттық инвестициялық жоба туралы шолу жасалып, Холдингтің айналымға шығарылған еуробондтары жайында ақпарат ұсынылды.

Америкалық аудиторияға алғаш рет Alatau City жобасы таныстырылды. Ол индустрияны, логистиканы, инновациялар мен цифрлық экожүйелерді біріктіретін Қазақстан экономикасының жаңа стратегиялық өсу орталығы саналады. Жоба, жаңа экономикалық модельдер мен технологияларды сынақтан өткізу, токенизация мен цифрлық қаржыны дамыту, және жеке реттеуші орта аясында халықаралық капиталды тарту платформасы ретінде де қалыптасып келеді.

Іс-шара аясында Ұлттық Банк Ұлттық инвестициялық корпорациямен (бұдан әрі - ҰИК) бірлесіп, бірқатар инвестициялық компания өкілдерімен кездесу өткізді. Онда инвестициялық ынтымақтастық мәселесі, соның ішінде 1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшердегі Ашық инвестициялық серіктестік бағдарламасы (OIP.KZ) талқыланды. Бағдарлама технологиялық сектор, логистика және көлік, денсаулық сақтау, білім, ауыл шаруашылығы, цифрлық инфрақұрылым және басқа да жоғары технологиялық салалар секілді экономиканың негізгі секторларын дамытуға бағытталған.

Әлемдегі ең ірі активтерді басқарушылардың бірі – Cerberus Capital Management-пен өткен кездесуде компанияның Cerberus Frontier арқылы Қазақстандағы институционалдық қатысу перспективалары қаралды. Тараптар OIP.KZ бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимыл форматын талқылап, серіктестіктің нақты шарттарын айқындауға уағдаласты.

Жоғары технологиялық компанияларға маманданған әлемдегі жетекші венчурлық және private equity қорларының бірі — Insight Partners өкілдерімен кездесуде қолданыстағы инвестициялық серіктестіктің нәтижелері қарастырылып, алдағы өзара іс-қимыл параметрлерін пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Insight Partners Қазақстан мен Орталық Азияның технологиялық экожүйесін дамытуға қызығушылық танытатынын растады.

Сондай-ақ жаһандық венчурлық қор — Lightspeed Venture Partners өкілдерімен кездесу өтті. Тараптар венчурлық қорларға инвестиция салудың жаһандық бағдарламасы аясында, сондай-ақ OIP.KZ бағдарламасы тұрғысында қолданыстағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Айта кететін жайт, 2025 жылдың соңында ҰИК Lightspeed компаниясымен бірлесіп, тілдік модельдерді (LLM) әзірлеудегі көшбасшы — Anthropic компаниясына ортақ инвестиция салды. Қазіргі уақытта аталған активтің құны екі есе өсті. Кездесуде Қазақстан экономикасының негізгі секторларына озық технологиялық шешімдерді енгізу перспективаларына ерекше назар аударылды. Келіссөз соңында тараптар ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша диалогты жалғастыратын болып келісті.

OIP.KZ бағдарламасы аясында дамушы нарықтарда 30 жылдан астам инвестициялау тәжірибесі бар Siguler Guff & Company басшылығымен де кездесу өтті. Тараптар компанияның инвестициялық тәсілін және оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы даму перспективаларына қатысты пайымын талқылады.

Өткізілген сессия Қазақстанның әлемдік қаржы нарығындағы ашық әрі сенімді серіктес мәртебесін бекітіп, инвестиция тарту мен жаңа бірлескен жобаларды іске қосуға берік негіз қалайды.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға