1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы инфрақұрылымын дамыту туралы

Ұлттық Банк әлемдегі үздік халықаралық депозитарийлердің бірі – Euroclear компаниясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік облигацияларын өзінің халықаралық есеп айырысу жүйесінде есепке алынатын бағалы қағаздар тізіміне қосу жобасын іске асыра бастағанын хабарлайды.

Euroclear жүйесіне қосылу жобасын жергілікті инфрақұрылыммен тікелей байланыс орнату моделі бойынша келесі жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан қаржы нарығын дамытудағы маңызды кезең болмақ.

Жобаның мақсаты – Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын Euroclear халықаралық жүйесіне кіріктіру. Нәтижесінде шетелдік инвесторлар қазақстандық мемлекеттік облигациялармен жүргізілетін операцияларды қазіргі Clearstream жүйесімен бірге жаһандық есеп айырысу-депозитарлық инфрақұрылым арқылы да тікелей жүргізе алады.

Бұл бастама қаржы нарығын одан әрі дамытуда стратегиялық мәнге ие. Euroclear жүйесіне қосылу мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының өтімділігі мен тереңдігін арттыруға, инфрақұрылымдық кедергілер мен операциялық шығындарды азайтуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.

Жоба – Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің жаһандық депозитарийлерді тарту арқылы тиімді есеп айырысу инфрақұрылымын қалыптастыру бағытында атқарып жатқан жүйелі жұмысының нәтижесі. Қабылданған шаралар Euroclear мен институционалды шетел инвесторларының Қазақстан қаржы нарығына деген қызығушылығын арттырып, инвестициялық әлеуетін күшейтті.

Ұлттық Банк қаржы инфрақұрылымын дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның инвестиция салуға сенімді әрі қолайлы бағыт ретіндегі позициясын нығайту үшін атқарып жатқан жұмысын жалғастыра береді.

Анықтама:
Euroclear – халықаралық орталық депозитарий мен Еуропадағы ұлттық депозитарийлер желісін біріктіретін әлемдегі ірі қаржы инфрақұрылымы провайдерлерінің бірі. Компанияда сақталған актив көлемі  – шамамен 40,7 трлн еуро. Жыл сайын 331 миллионға жуық транзакция өңделеді, олардың жалпы сомасы 1,1 трлн еуродан асады. Компания күллі әлемде шамамен 3,8 мың клиентке қызмет көрсетіп, халықаралық қаржы нарығындағы есеп айырысулардың сенімділігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz 
www.nationalbank.kz

Жоғарыға