1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Ұлттық Банктің Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу қорытындысы туралы

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасы Т. Сүлейменов бастаған делегация Халықаралық валюта қорының (бұдан әрі – ХВҚ) және Дүниежүзілік банк тобының Көктемгі кездесулеріне қатысу үшін АҚШ-қа сапармен барды.

Қазақстан тарапы ХВҚ Халықаралық валюта-қаржы комитетінің пленарлық сессиясына, Швейцариялық кіші топтың отырысына, сондай-ақ Таяу Шығыс, Кавказ және Орталық Азия елдерінің орталық банк басшылары, қаржы және экономика министрлері қатысқан ХВҚ мен Дүниежүзілік банктің бірқатар алқалы жиындарына қатысты. Онда әлемдік экономиканың күн тәртібінде тұрған мәселелер мен аймақтың экономикалық перспективалары, сыртқы тәуекелдерге төзімділікті қамтамасыз ету және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, делегация ХВҚ-ның Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдеріне арналған болжамы таныстырылған жиынға қатысып, аймақтағы елдердің экономикалық жай-күйін талқылады. Еуразия аймағы елдерінің дөңгелек үстелі барысында қазақстандық тарап қаржы нарығы мен экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштеріне, еңбек нарығына берілген бағаны, сондай-ақ қаржы секторын цифрландырудағы жетістіктерді таныстырды.

Дүниежүзілік банктің «Kazakhstan on the way of reforms» атты дөңгелек үстелінде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ қаржы инфрақұрылымын дамыту драйвері ретіндегі «Цифрлық теңге» жобасын іске асыру барысы таныстырылды.

Сонымен қатар, ХВҚ Басқарушы директорының орынбасары Бо Лимен және ХВҚ-ның Қазақстан бойынша миссиясымен кездесулер өтті. Онда қазақстандық тарап ХВҚ-ны Қазақстандағы макроэкономикалық ахуал, ақша-кредит саясатының (АКС) негізгі аспектілері, АКС трансмиссиясын жақсарту мен қаржы секторын дамыту бағытында қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Қатысушылар ХВҚ тарапынан реформаларды сараптамалық тұрғыда қолдау бағыттарын да айқындады.

Бұдан бөлек, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Антонелла Бассанимен және Дүниежүзілік банктің Қазынашылық директоры Катаржина Зайдель-Куровскаямен кездесу өтті. Тараптар Қазақстанға қаржыландыру ұсыну шарттары, қаржы нарығын дамыту, мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарын азайту, сондай-ақ сараптамалық ынтымақтастық пен екіжақты жобалар, соның ішінде Резервтерді басқару және консультациялар бойынша серіктестік бағдарламасы (RAMP) аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Төраға Тимур Сүлейменов Еуропалық қайта құру және даму банкінің Вице-президенті Маттео Патронемен кездесіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, капитал нарығын дамытуға және бағалы қағаздар нарығы саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған техникалық көмек жобаларын талқылады.
Тимур Сүлейменовтің Халықаралық есеп айырысу банкінің Бас менеджері Пабло Эрнандес де Коспен кездесуі кезінде Қазақстанның Банкпен ынтымақтастығын нығайту перспективалары, соның ішінде инновациялық қаржы технологияларын енгізу, CBDC-ді дамыту және төлем жүйелерін жетілдіру мәселелері қаралды.

Швейцария мен Польшаның орталық банктері мен қаржы министрліктерінің басшылығымен де жекелеген кездесулер өтті. Онда ынтымақтастығын кеңейту және Қазақстанның ХВҚ Швейцариялық кіші тобы аясындағы қатысуын арттыру мәселелері сөз болды.

Халықаралық инвесторлармен (Deutsche Bank, J.P. Morgan, Barclays және Bank of America) және S&P, Fitch Ratings пен Moody’s рейтингтік агенттіктері басшылығымен өткен кездесулер аясында Қазақстан бойынша макроэкономикалық жағдай мен болжамдар, ақша-кредит саясатын жүргізу тәсілдері, ҚР капитал нарығы мен жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат ұсынылды. Мұндай тұрақты диалог инвесторлар мен агенттіктерді елдегі инвестициялық ахуалдың жай-күйі туралы жүйелі түрде хабардар етуге мүмкіндік береді.

Халықаралық инвесторлар үшін нарықтың қолжетімділігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында капитал нарығын дамыту және нарықтық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бойынша келіссөздердің жеке блогы өтті. J.P. Morgan компаниясының индекстер бойынша жаһандық басшысы Глория Киммен кездесіп, инвесторлардың Қазақстанның МБҚ (мемлекеттік бағалы қағаздар) нарығына қолжетімділігін кеңейту мүмкіндіктері, қазақстандық бағалы қағаздарды J.P. Morgan-ның жаһандық облигациялық индекстеріне енгізу шарттары мен алдағы қадамдар қаралды.

Clearstream Banking Luxembourg бизнесті дамыту жөніндегі аға Вице-президенті Кристиан Росслермен кездесуде бағалы қағаздар нарығының құралдарын жетілдіру және инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Бұл қадамдар Қазақстан қор нарығының инвесторлар үшін қолжетімділігін арттыруға бағытталды.

АҚШ Сауда палатасындағы дөңгелек үстел аясында америкалық бизнес өкілдерімен де ашық диалог өтті. Кездесуде Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары мен шетелдік инвесторлардың құқығын қорғау мәселелері таныстырылып, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.

Ұлттық Банк төрағасы Alatau City стратегиялық жобасы туралы да айтып, инвесторларды инвестициялық әріптестікті кеңейтуге шақырды. Жоба DeFi үшін арнайы реттеу режимі бар, институционалдық инфрақұрылым ретінде және халықаралық қатысу негізінде токенизацияның өңірлік орталығына айналуды көздейді.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz 

Жоғарыға