2025 жылғы төлем қызметі нарығының қорытындысы: Қазақстан аумағында төлем карталарымен жүргізілген 1 миллиардтан астам транзакция өңделді
Ұлттық Банк 2025 жылғы төлем қызметі нарығының даму барысы туралы шолу жариялады. Құжатта Ұлттық Банктің төлем жүйелерінің жұмысы, төлем карталары нарығы, электрондық банк қызметтері, халықаралық ақша аударымдары жүйесі мен Қазақстан аумағындағы төлем ұйымдарының қызметі туралы ақпарат қамтылған.
Талдау қорытындысы бірнеше негізгі трендке назар аудартады.
Жүйелік маңызы бар төлем жүйесі – Банкаралық ақша аударымдарының жүйесі (БААЖ), ал маңызды төлем жүйелері – Банкаралық клиринг жүйесі (БКЖ) және Банкаралық төлем карталары жүйесі (БТКЖ) саналады.
Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы жүргізілетін операциялар үздіксіз өсіп келеді. 2024 жылмен салыстырғанда БААЖ арқылы операциялар көлемі 4,3%-ға, БКЖ арқылы 21%-ға көбейді. 2025 жылы БТКЖ арқылы 1,04 млрд транзакция өңделді. Ұлттық Банктің төлем жүйелеріндегі үздіксіз жұмыс коэффициенті 99%-дан асады.
Қазіргі уақытта төлем картасын, мобильді қосымша мен QR-кодты пайдалану әдісі халыққа тауар мен қызметке ыңғайлы, жылдам әрі қауіпсіз төлем жүргізуге мүмкіндік береді. 2025 жылдың нәтижесі бойынша 10 транзакцияның 8-і интернет және мобильді банкинг (оның ішінде QR-кодты қолдану) арқылы жүргізілді.
Халықаралық ақша аударымдары жүйеcі (ХААЖ) шетелден ақша алуда және сыртқа ақша аударуда сұранысқа ие тәсілдің бірі ретінде қала береді. Бұл ретте, шот ашпай ХААЖ арқылы жүргізілген барлық операцияның 97%-ы Қазақстан мен басқа елдер арасындағы трансшекаралық аударымдарға тиесілі.
Төлем ұйымдары банк сервистеріне қосымша төлем қызметтерін ұсыну арқылы өз инфрақұрылымын кеңейте бастады. 2025 жылы төлем ұйымдарының сервисі арқылы жасалған айналым өткен жылмен салыстырғанда 16,2%-ға көбейді.
Аналитикалық шолумен Ұлттық Банктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы алуына болады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz