Қазақстан Ұлттық Банкі телефон алаяқтарының жаңа айласынан сақ болуға шақырады
Қазақстан Ұлттық Банкі телефон арқылы азаматтардың дербес деректерін қолға түсіруге тырысатын алаяқтар көбейгенін ескертеді.
Олар «несиеңіздің мәртебесі жаңартылды» деген мәтіні бар хабарлама мен сілтеме жібереді. Бірақ онда қаржы ұйымының атауы көрсетілмейді.
Мұндай тосын хабарламалар әдетте адамды абдыратуға бағытталады. Тіпті азамат несие алуға өтінім бермеген күннің өзінде, бұл жағдай оның асығыс әрекет жасауына итермелеп, ақпаратты байыппен қабылдау қабілетін төмендетуі мүмкін.
Телефон иесі сілтемеге өткенде екінші деңгейлі банктің немесе микроқаржы ұйымының ресми сайты іспетті қолдан жасалған көрнекі сайтқа тап болады. Одан әрі пайдаланушыдан логин, телефон нөмірін, жеке басын куәландыратын құжат мәліметі мен банк картасының деректемелерін немесе басқа да құпия ақпаратты енгізуді сұрайды.
Кейбір жағдайларда сілтеме телефонға зиянды файлды немесе мобильді қосымшаны көшіріп жіберуі мүмкін. Ол орнатылғаннан кейін қаскөйлерге мобильді құрылғыны басқаруға немесе дербес деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Ұлттық Банк сілтемеге өтпеуге кеңес береді. Қажет болған жағдайда әр азамат өзінің несие тарихын – Мемлекеттік кредиттік бюро сайтында немесе электрондық үкімет порталы секілді ресми дереккөздерден тексере алады.
Бұдан басқа, Ұлттық Банк электрондық үкімет порталында «Стоп-кредит» қызметін пайдалануға болатынын еске салады, сол сервисті қосу арқылы азаматтар онлайн-кредит рәсімдеуді шектей алады.
Ұлттық Банк қызметкерлері аудио және видеоқоңырау шалмайтынын, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, түрлі инвестициялық пай қорларына және қаржы өнімдеріне ақшалай салым салуға шақырмайтынын, қаржы көзін сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін қосымша хабарлаймыз.
Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінуге кеңес береміз.
Консультация алу үшін Ұлттық Банктің Байланыс орталығына 1477 қысқа нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz