1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

ҚҰБ пен ҚНРДА сақтандыру және қор нарығын дамыту тәсілдерін талқылады

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (бұдан әрі – Агенттік) бірлесіп, қаржы нарығын дамыту мәселелері бойынша халықаралық кеңесшілермен (Oliver Wyman) кездесу өткізді. 

Бұл тәсілдер Мемлекет басшысының 2026 жылғы 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау аясында әзірленіп жатыр. Атап айтқанда, сақтандыру секторы мен қор нарығының еліміздің қаржы жүйесіндегі рөлін нығайту көзделген.

Жиында сақтандыру және қор нарығының бәсекеге қабілетін арттыру, сондай-ақ ұлттық қаржы инфрақұрылымын жаһандық нарықтарға кіріктіру бағытындағы негізгі реформалар талқыланды. 

Реформаны тиімді жүзеге асыру нәтижесінде 2030 жылға дейін сақтандыру және қор нарығын дамыту бағдарламасы қабылданып, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы туралы заңдардың жаңа редакциясы әзірленуге тиіс.

Сонымен қатар қатысушылар 2026–2028 жылдары макроэкономиканы тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін Үкімет, Ұлттық Банк пен Агенттік бірлесіп жасаған іс-қимыл жоспары аясында заемдардың жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін біртіндеп төмендету тәсілдері қарастырылды.

Бұдан бөлек, қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалаудың қосымша құралдарын енгізу мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, борыш жүктемесі коэффициенті (БЖК) мен қарыздың табысқа қатынасы (ҚТҚ) сияқты көрсеткіштер қарастырылып жатыр. Бұл құралдар тұтыну кредиті саласындағы макропруденциялық реттеуді жетілдіру аясында енгізіліп, нарықта қарыз алудың неғұрлым тұрақты моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz

Жоғарыға