1477

Байланыс орталығы

Жұмыс күндері, 09:00-ден 18:30-ға дейін

Валюта реттеу мен валютаны бақылау мәселелері бойынша қағидаларға енгізілген өзгерістер туралы Төлем балансы департаментінің директоры Жасұлан Мұратовтың түсіндірмесі

Қазақстан Ұлттық Банкі Қаржы нарығын реттеу және дамыту туралы заң[1] аясында Қазақстан Республикасында валюталық операция жүргізу қағидаларын қабылдады.   

Дегенмен, қабылданған қағидаларда түбегейлі өзгерістер қарастырылмаған. Валюталық операцияларды жүргізу тәртібі де, оларды бақылау жүйесі де, сондай-ақ операциялар есепке алынатын шекті сомалар да өзгеріссіз қалды. Есептілік үшін шекті сома мөлшері сақталды: жеке тұлғаларға – $10 мыңнан, заңды тұлғаларға – $50 мыңнан басталады.

Яғни, қолма-қолсыз шетел валютасын сатып алу және сату тәртібі өзгерген жоқ. Ол ҚР Ұлттық Банкінің 2019 жылғы 30 наурыздағы № 40 Басқарма қаулысымен бекітілген ҚР-да валюталық операция жүзеге асыру қағидаларымен реттеледі.

Сонымен қатар жаңа қағидаларда валюталық операция жүргізу тәртібі нақтыланды. Атап айтқанда, халықаралық қаржы ұйымдарында ашылған резидент заңды тұлғалардың шоттарына мониторинг жүргізу тәртібі реттелді, сондай-ақ валюталық операция бойынша есеп беру формалары оңтайландырылды. Бұл ретте екінші деңгейлі банктер ұсынатын деректер тізіміне қатысты қолданыстағы есеп беру тәртібі өзгеріссіз қалды.

Бұдан бөлек, ішкі валюта нарығында заңды тұлғалардың қолма-қолсыз шетел валютасын сатып алуына қатысты шекті сомаларды бекіту тетігі жетілдірілді. Енді шетел валюталарын сатып алуға арналған шекті мәндер ҰБ басқармасының жеке қаулысымен бекітіледі. Бұл шешім оларды нарық талаптарына тез бейімдеуге мүмкіндік береді.

[1] «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz  
www.nationalbank.kz   

Жоғарыға