ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының даму барысымен танысты
ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дания Еспаева мен Қаржы және бюджет комитетінің, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің, сондай-ақ Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелері Ұлттық Банкте болып, Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының (ҰЦҚИ) негізгі компоненттерінің даму барысымен танысты.
Ұлттық Банк ҰЦҚИ негізгі жобаларын, соның ішінде Ұлттық антифрод-орталықты, Цифрлық теңге мен Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығын таныстырып, оларды 2026 жылы масштабтау және дамыту жоспарын ұсынды.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымының тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық қаржы сервистеріне жүйелі түрде көшу, қаржы қызметтерін пайдаланушылар мен қаржы нарығының барлық қатысушылары үшін ашық әрі қолжетімді орта құру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі бағыттарын айқындады.
2025 жылы Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы 1,6 квдрлн теңгеден астам қаражат өңделді. Орташа алғанда, Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы күн сайын 6,3 трлн теңге өткізіледі.
Төлем карталары мен электрондық банк қызметтерін пайдалану арқылы халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары көлемі соңғы 7 жылда 13 есе өсіп, 2025 жылы 188,4 трлн теңгеге жетті.
Сонымен қатар, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Банктер 2025 жылдың басынан 2026 жылғы наурызға дейінгі кезеңде жалпы сомасы 49 млрд теңгеден астам алаяқтық операцияларды тоқтатты. Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы жұмыс істеген бір жарым жылда жүйеде 130 мыңнан астам алаяқтық оқиға тіркелді.
Бұл ретте, Ұлттық Банктің Антифрод-орталығы берген ақпараттың арқасында банктер алаяқтық операциялар бойынша шамамен 28 млрд теңгені бұғаттады.
Кездесуге қатысушылар ҰЦҚИ-дың құқықтық мәртебесін, оның жұмыс істеу қағидаттарын, банктердің ҰЦҚИ компоненттерімен өзара іс-қимыл жасау шарттарын бекіткен заңнамалық түзетулердің маңыздылығын атап өтті.
Ұлттық Банк монетарлық реттеушінің деректерін басқарудың болашақ моделі ретінде жасанды интеллектіні енгізу бағытындағы бастамаларын да таныстырды. Депутаттарға қызметкерлерді базалық цифрлық қолдаудан (ЖИ-көмекшілер) бастап аналитикалық, зерттеу және қадағалау процестеріне дейінгі барлық міндеттерді қамтитын шешімдер көрсетілді.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz