Ең төмен резервтік талаптар мен есептілікті ұсыну мәселесі бойынша Ұлттық Банктің Басқарма қаулысы қабылданғаны туралы
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасы (бұдан әрі – ҚҰБ) 2026 жылғы 31 наурызда «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларына ең төмен резервтік талаптар және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың есептілікті ұсыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулыны бекітті.
Қабылданған өзгерістер ақша-кредит саясатының құралдарын одан әрі жетілдіруге, сондай-ақ банк жүйесі мен ақша нарығының өтімділігін реттеу құралы ретінде ең төмен резервтік талаптардың (бұдан әрі – ЕТРТ) тиімділігін арттыруға бағытталған.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Заңын іске асыру аясында ЕТРТ қолданылатын субъектілердің тізбесі кеңейтілді. Атап айтқанда, ЕТРТ талаптары жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын, ҚҰБ құралдарына қол жеткізе алатын ұйымдарға, оның ішінде Ұлттық пошта операторына да қолданылады.
Сонымен қатар, аталған ұйымдар үшін ЕТРТ есептеу және орындау тәртібі нақтыланды, сондай-ақ жекелеген нормалар қолданыстағы заңнамаға және ҚҰБ-тың нормативтік құқықтық базасына сәйкестендірілді.
Бұдан бөлек, есептілік ұсыну талаптарын өзектендіруге бағытталған өзгерістер енгізілді, оның ішінде есептілік ұсынудың жаңа қағидаларын қолданысқа енгізу ескерілді.
Аталған өзгерістерді іске асыру қаржы ұйымдары үшін қаржы нарығындағы жағдайлардың ашықтығы мен салыстырмалылығын арттыруға, сондай-ақ ақша-кредит саясатының пайыздық арнасының тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.
Қаулы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, жекелеген ережелер үшін өзге де қолданысқа енгізу мерзімдері көзделген.
Қаулының толық мәтінімен ҚҰБ-тың ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz
[1] «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII Қазақстан Республикасының Заңы.