2026 жылғы 25 ақпанда өткен Ұлттық Банк Басқармасының отырысы туралы
Ұлттық Банк Басқармасының кезекті отырысында ақша және валюта нарығындағы ахуал жайында баяндама жасалып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын сенімгерлік басқару нәтижесі бойынша 2025 жылғы төртінші тоқсанның есебі бекітілді. Ұлттық қордың кірістілігі 2025 жылғы 4-тоқсанның қорытындысы бойынша 2,52% немесе 1,6 млрд АҚШ доллары болды. Ал инвестициялық табыс 2025 жылдың қорытындысы бойынша 15%-ға жетіп, 8,7 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – ең жоғары тарихи көрсеткіш.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры активтерін пайдалана отырып, Ашық инвестициялық әріптестік орнату бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – Ұлттық қордың ұзақ мерзімдегі инвестициялық кірістілігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оның қаражатын Қазақстан экономикасын дамытатын, нарықтық әлеуеті жоғары жобаларға инвестициялау.
Ұлттық Банктің реттеу алаңы аясында 5 бағытта 6 пилоттық жобаны іске қосу мақұлданды: ақшаға байланған цифрлық актив – стейблкоин шығару және айналысқа енгізу; цифрлық активтерді шығару, орналастыру, айналысқа енгізу мен айырбастау процесін ұйымдастыруға арналған платформа құру; цифрлық активтерді фиат ақшаға айырбастау сервисін ұйымдастыру; төлем жасаған кезде теңгеге айырбастау арқылы банктердің QR-коды көмегімен байланбаған цифрлық активтерді пайдалана отырып төлем қабылдау тетігін енгізу; ұлттық валютада номинацияланған стейблкоиндердің айналымын қоса алғанда, цифрлық активтермен сауда жасасу және сауда жұптарын қалыптастыру мүмкіндігі бар цифрлық активтер биржасын ұйымдастыру.
Сонымен қатар реттеу сынақ алаңына қатысушыларға қойылатын талаптар жаңартылды. Атап айтқанда, кей жобаларға қатысушылар құрамы кеңейтілді, сондай-ақ стейблкоиндерді пайдалана отырып жасалатын операцияларды бақылау рәсіміне қосымша талаптар енгізілді.
Басқарма отырысында өзге де мәселелер қаралды. Атап айтқанда, коллекциялық монеталардың дизайнын бекіту, оларды жасау және айналымға шығару, сондай-ақ ҚРҰБ нормативтік құқықтық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелері талқыланды.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz