Ұлттық Банк Ұлттық Антифрод-орталықтың жұмысын жетілдіру бойынша қаулы жобасын әзірледі
Ұлттық Банк Антифрод-орталықтың жұмыс істеу мәселелерін реттейтін Ұлттық Банктің Басқарма қаулысына түзетулер жобасы әзірленгенін хабарлайды1.
Жоба қаржы нарығындағы алаяқтықпен күрестің тиімділігін арттыру үшін, сондай-ақ «Банктер және банк қызметі туралы», «Киберқауіпсіздік туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың және Цифрлық Кодекстің қабылдануына байланысты «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» заңда қабылданған өзгерістермен байланысу үшін әзірленді.
Ұлттық Банктің Антифрод-орталық қызметі бөлігіндегі түзетулер Антифрод-орталыққа қатысушылардың құрамын кеңейтуді көздейді, сондай-ақ олармен өзара іс-қимыл тәртібін белгілейді. Антифрод-орталыққа кредит бюролары, қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган мен өзге де ұйымдар қосылатын болады.
Сонымен бірге нормативтік құжаттың жобасы Антифрод-орталықтың қосымша дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу тәртібін бекітеді (заңсыз пайдаланылған абоненттік нөмірлер, бірнеше несиелік өтінімдер бойынша).
Қоңырау кезінде абоненттік нөмірден алаяқтық белгі анықталған кезде ұялы байланыс операторларының, бірнеше несие өтінімі бойынша Антифрод-орталық қатысушыларының өзара іс-қимыл алгоритмі бекітіледі және байланыс операторлары ұсынатын ақпарат негізінде үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттерінен зардап шегуі мүмкін азаматтардың дерекқоры Антифрод-орталықта қалыптастырылып, редакциялық сипаттағы өзге де түзетулер енгізіледі.
Құжат жобасына берілген ақпараттық кестемен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады.
1«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында төлем ұйымдары үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2022 жылғы 28 ақпандағы № 11 қаулысына және «Алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығының (Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің антифрод-орталығы) қызметін ұйымдастыру қағидалары» Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 25 тамыздағы № 54 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысының жобасы.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77-52-10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz