«Орталық Азияның қаржы нарығындағы жасанды интеллект» баяндамасын жариялау туралы
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Орталық Азияның қаржы нарығындағы жасанды интеллект» аналитикалық баяндамасы жарияланғанын хабарлайды. Баяндама аймақта жүргізілген ең ірі кешенді зерттеу саналады және Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан қаржы секторындағы 232 ұйымда жүргізілген сауалнама негізінде әзірленген.
Құжатта 2024-2025 жылдардағы жаһандық жасанды интеллект (бұдан әрі – ЖИ) индустриясының трансформациясына жүйелі талдау берілген. ЖИ-ді енгізуде қаржы секторы негізгі драйверлердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Мұнда күнделікті операцияларды автоматтандырудан предиктивті аналитикаға, сын-қатерлерді басқаруға, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және ішкі процестерді оңтайландыруға назар аударылады.
Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ұйымдардың 36%-ы жасанды интеллект технологияларын қазірден қолданады, ал 56%-ы таяу жылда енгізуді қарастырады. Бұл ретте қатысушылардың көпшілігі технологиялық жетілудің бастапқы сатысында тұр: 38%-ы зерттеу жүргізіп келеді, 28%-ы ішінара енгізіп, пилоттық жобаларды іске асырады және тек 2%-ы ғана толық ауқымды деңгейде енгізе алған.
ЖИ-ді енгізу алдындағы дайындықты көрсететін халықаралық индекстердің салыстырмалы талдауы Орталық Азия елдері үшін технологиялық жетілу деңгейі мен адам капиталының сапасы негізгі ұзақмерзімді сын-қатер болып қалатынын көрсетеді.
Жарияланған материал біртұтас аймақтық аналитикалық базаны қалыптастыруға және Орталық Азияның қаржы нарығында ЖИ-ді дамыту мен реттеуге қатысты келісілген тәсілдерді әзірлесуге бағытталған. Баяндаманың толық мәтінімен ресми интернет-ресурстың «Зерттеу» бөлімінде танысуға болады.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz