ХВҚ-ның IV Бап бойынша миссия қорытындысы туралы есебі
2026 жылғы 27 қаңтарда Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2025 жылғы 6–19 қараша аралығында Қазақстанға келген миссияның қорытындысы бойынша Есепті (Staff Report) жариялады.
ХВҚ 2025 жылы Қазақстан экономикасының жоғары өсу қарқынын және экономиканың «қызып кету» белгілерін атап өтті. Өсу ішкі сұраныстың орнықты кеңеюімен, мұнай өндіру көлемінің ұлғаюымен, мұнайдан тыс салалардағы жоғары белсенділікпен, сондай-ақ ынталандырушы салық-бюджет саясаты жағдайында және мемлекеттік кәсіпорындар тарапынан инвестициялардың артуымен қатар іске асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалармен қолдау тапты.
ХВҚ бағалауы бойынша, елдің фискалдық және сыртқы резерв көлемі айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар, сарапшылар банк секторының жалпы тұрақтылығын атап өтті.
ХВҚ Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатын қатаңдатуын, оның ішінде базалық мөлшерлемені көтеруін және артық өтімділікті алып қою жөніндегі шараларды оң бағалайды. ХВҚ инфляция нысаналы деңгейге жақындағанға дейін осы режимді сақтау маңызды екенін атап өтеді.
ХВҚ өтімділікті басқарудың тиімділігін арттыруды, оның ішінде Ұлттық Банктің қысқамерзімді ноталарын шығару көлемін ұлғайту арқылы және бұл жұмысты ҚР Қаржы министрлігінің МБҚ шығаруымен үйлестіре отырып күшейтуді ұсынады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан, макроэкономикалық тұрақтандыруға, инфляциялық қысымды төмендетуге және орнықты әрі инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар оң бағаланды. ХВҚ осы Бағдарламаның жүйелі әрі үйлестірілген түрде іске асырылғаны маңызды деді.
ХВҚ макроэкономикалық саясатты үйлестіруді күшейту, квазифискалдық операцияларды шектеу, бюджет қағидаларын қатаң сақтау және бюджет кірісінің Ұлттық қордан түсетін трансферттерге тәуелділігін төмендету қажеттігін атап өтеді. Сондай-ақ экономиканы әртараптандыруға және әлеуетті өсу қарқынын арттыруға бағытталған құрылымдық реформаларды жеделдету ұсынылады.
Басым бағыттардың қатарында экономикадағы мемлекет рөлін азайту, жеке сектор мен қаржы нарығын дамыту, сондай-ақ іскерлік ахуал мен корпоративтік басқару сапасын жақсарту белгіленген. Бұдан бөлек, 2023 жылғы Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) қорытындысы бойынша әзірленген қаржы тұрақтылығын нығайту жөніндегі ұсынымдарды іске асыруды жалғастыру қажеттігіне назар аударылған.
Негізгі тәуекелдер қатарына сауда-серіктес елдердегі экономикалық өсімнің баяулауы, геосаяси белгісіздіктің артуы, әлемдік мұнай бағасының ықтимал төмендеуі, сондай-ақ инфляциялық күтулердің одан әрі күшеюі жатқызылды.
ХВҚ талдаушыларының бағалауынша, 2025 жылы экономикалық өсім 6,2%-ға дейін жеделдейді. Ортамерзімді перспективада мұнай өндіру көлемінің тұрақтануына және ішкі сұраныстың бәсеңдеуіне қарай инфляцияның біртіндеп төмендеуімен қатар өсім 3,5%-ға дейін баяулайды деп күтіледі.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері келесі телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz