Макроэкономикалық сауалнама: сарапшылар негізгі көрсеткіштер бойынша болжамдарын өзгертті
Қазақстан Ұлттық Банкі сарапшылар қауымдастығы арасында жүргізілген кезекті макроэкономикалық сауалнаманың нәтижесін жариялады.
Brent маркалы мұнайдың бағасы, ЖІӨ, инфляция, базалық мөлшерлеме, тауарлар мен қызметтердің экспорты мен импорты, сондай-ақ теңге бағамы – сауалнаманың негізгі параметрі болды.
Мұнай бағасы және экономиканың өсуі
2026 жылға арналған Brent маркалы мұнай бағасына қатысты болжамдар – барреліне 63,8 АҚШ долларынан 62,5 АҚШ долларына дейін – төмендеу жағына қайта қаралды. 2027 жылға арналған бағалаулар 64,1 АҚШ доллары деңгейінде сақталды. 2028 жылға қатысты күтулер барреліне 67,5 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты.
Аналитиктердің бағалауы бойынша, экономика болжам кезеңінде мейілінше теңгерімді өсу траекториясына шығып, біртіндеп өзінің әлеуетті деңгейіне жақындайды. 2026 жылға арналған ЖІӨ өсіміне қатысты болжам 4,9%-дан 4,8%-ға дейін, ал 2027 жылға – анағұрлым айтарлықтай – 5,0%-дан 4,4%-ға дейін қайта қаралды. 2028 жылы экономиканың өсуі 4,2% деңгейінде күтіледі.
Инфляция және базалық мөлшерлеме
2026 жылға арналған инфляциялық күтулер 10,0%-дан 10,8%-ға дейін қайта қаралды. 2027 жылға арналған бағалаулар айтарлықтай өзгеріске ұшырамай, 6,9% деңгейінде қалыптасты (бұрын – 7,0%). 2028 жылы инфляция 6,5% деңгейінде күтіледі.
Базалық мөлшерлеме бойынша болжамдардың медианалық мәні 2026 жылдың соңына қарай 16,0% деңгейінде сақталды. 2027 жылға арналған көрсеткіш 13,0%-дан 12,5%-ға дейін қайта қаралды. 2028 жылы инфляциялық қысымның бәсеңдеуі аясында базалық мөлшерлеме 10,0%-ға дейін төмендейді деп күтіледі.
Сауалнамаға қатысқан респонденттердің құрамы туралы
Сауалнамаға Қазақстан бойынша макроэкономикалық көрсеткіштерді талдаумен және болжаумен айналысатын 13 ұйым қатысты. Респонденттердің қатарына нарықтың кәсіби қатысушылары, зерттеу институттары, халықаралық ұйымдар, сондай-ақ рейтингтік агенттіктер кіреді.
Макроэкономикалық сауалнамаға Ұлттық Банк болжамдары кірмейтінін атап өткен жөн. Онда ішкі және сыртқы нарықтардағы ахуалдың даму барысына қатысты нарықтағы кәсіби қатысушылардың дербес пікіріне, бағалаулары мен күтулеріне шолу жасалған.
БАҚ өкілдері толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 775 205
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz