Қаржылық тұрақтылық жөніндегі Кеңес макропруденциялық саясат пен зейнетақы активтері мәселелерін қарастырды
Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменовтің басшылығымен Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық жөніндегі Кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) кезекті отырысы өтті.
Басқосуға Президент Әкімшілігінің, Қазақстан Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – ҚҰБ), Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Ұлттық экономика министрлігінің және Астана халықаралық қаржы орталығының өкілдері қатысты.
Отырыста макропруденциалдық құралдарды жаңартуға қатысты мәселелер, соның ішінде контрциклдік капитал буфері (ККБ) және салалық ККБ бойынша шешім қабылдауға арналған мониторинг индикаторларының нәтижелері, сондай-ақ халықтың қарыз ауыртпалығын шектеу шаралары қарастырылды. Талқылау қорытындысы бойынша ағымдағы және жоспарланған реттеу шараларын ескере отырып, кредит нарығын бақылауды жалғастыру және 2026 жылы макропруденциялық стандарттарға өзгерістер енгізуді қарастыруға оралу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар, Кеңес ұзақ мерзімді перспективада Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері бойынша жылдық кірістілікті инфляциядан 150-200 базистік пунктке асатын деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған шараларды, сондай-ақ несиені өтеу тетіктерінің тиімділігін арттыру және кепілді экономикалық айналымға тарту мәселелерін қарастырды.
Кеңес қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қаржы секторындағы өзекті мәселелерді талқылауды жалғастырады.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мына телефон арқылы ала алады:
+7 (7172) 77 52 10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz