Қазақстанға арналған Миссияның қорытындысы бойынша Халықаралық валюта қорының тұжырымды мәлімдемесі жарияланды
6-19 қараша аралығында Қазақстан ХВҚ Келісімінің IV бабы бойынша консультациялар аясында Халықаралық валюта қорының Миссиясын қабылдады. Сапар қорытындысы бойынша тұжырымды мәлімдеме жарияланды. Онда қазіргі экономикалық жағдайға шолу, экономиканың даму барысына қатысты болжамдар, сондай-ақ негізгі ұсынымдар қамтылған.
Миссияның пікірінше, Қазақстанда экономикадағы белсенділік өзінің жоғары деңгейін сақтап тұр. ХВҚ аналитиктерінің болжамына сәйкес, мұнай өндірісінің ұлғаюы мен тұрақты ішкі сұраныс жағдайында ЖІӨ нақты өсімі 2025 жылы 6%-дан асуы мүмкін. Экономикадағы өсім де 2026 жылы жоғары деңгейде сақталып, шамамен 4,5% болады деп күтіледі.
Миссия Үкіметтің бюджеттік шоғырландыру, мұнайдан тыс тапшылықты азайтуға бағытталған жаңа Салық кодексін енгізу және Ұлттық қордың шығыстары мен трансферттердің өсуін шектейтін бюджеттік ережелерді сақтау жоспарын оң бағалады.
ХВҚ атап өткен қауіп факторларының қатарында Қазақстанмен сауда-серіктес елдердегі өсімнің баяулауы, КҚК арқылы мұнай экспортында ұзаққа созылуы мүмкін іркілістер мен мұнай бағасының төмендеуі бар. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру ісінің кешеуілдеуі мен фискалдық шоғырландыруға қатысты ішкі тәуекелдер де көрсетілген. Сонымен қатар, экономикадағы белсенділіктің жоғары болуы, ҚҚС ставкаларының өсуі және келесі жылы көтеріледі деп күтіліп отырған коммуналдық қызметтердің тарифі инфляцияның жоғары деңгейде сақталуына әсер етуі мүмкін.
ХВҚ инфляция тұрақты түрде төмендегенше ақша-кредит саясатының тежеуші сипатта қалғаны маңызды болады деп атап өтті. Миссия қазан айында базалық мөлшерлеменің өсуін, банк жүйесіндегі құрылымдық өтімділікті сіңіру үшін ең төменгі резервтік талаптарды кезең-кезеңімен арттыруды және тұтынушылық кредиттеудің өсуі аясында макропруденциалды шараларды күшейту жоспарларын оң бағалады.
ХВҚ Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын атап өтті. Бағдарлама халықтың нақты табысын өсіруге және инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған.
ХВҚ экономикаға мемлекеттің қатысуын азайтып, өнімділікті арттыру үшін құрылымдық реформаларды жалғастыруды ұсынады. Бұл тұрақты әрі жоғары қарқынмен өсуге көшуге мүмкіндік береді.
Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері телефон арқылы ала алады:
8 (7172) 77–52–10
e-mail: press@nationalbank.kz
www.nationalbank.kz